Тұрғын үйді басқару саласына қандай мамандарды тарту керек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин пәтер иелері кооперативтері (ПИК) саласындағы кемшіліктерді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі кезде бізде үйді басқарушы немесе ПИК төрағасы егде жастағы адам деп сипатталады. Яғни өмірлік тәжірибесі бар тұрғындар қаралады. Алайда бұл адамдардың осы салада біліктілігі аздау. Тұрғындар бұл жағдайды жақсы біледі, өйткені олар күнделікті ПИК төрағасымен кездесіп жатады. Үйді басқаратын адамның тиісті білімі болуы керек, яғни экономист, заңгер, инженер, әлеуметтік жұмыскер біліктілігі қажет. Атап айтқанда, көп қабатты үйді басқару хобби емес, жұмыс екенін түсіну керек», - деді ол Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында.

Осы орайда Н. Нығматулин тұрғын үйді басқаруды дұрыс жүргізу керектігін қадап айтты. Өйткені ПИК жұмысындағы кемшіліктер саланы дамытуға кедергі келтіріп отыр. Тұрғындар да бұл кемшіліктерге көндігіп алған. Олар өздерінің пәтерлерін жөндеуге назар аударады, ал тұрғын үйдің кіреберісі сын көтермейді.

«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы халқымыз үшін маңызды мәселелердің бірі. Бұл салада шешілмеген түйткілдер әлі де көп. Осыған байланысты Елбасы төртінші сессияның ашылуында тұрғын үй қатынастарын реттеуге нақты тапсырмалар берген болатын. Сондықтан бүгінгі заң жобасы аталған сала бойынша жүктелген міндеттерді жан-жақты тиімді шешуге ықпал ететін болады», - деді Нұрлан Нығматулин.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

«Заң жобасы келесі негізгі мәселелерді шешуге бағытталған, яғни «Бір үй - бір бірлестік - бір шот» қағидасы бойынша «мүлік меншік иелерінің бірлестігі» коммерциялық емес ұйымның жаңа формасын құру арқылы басқару органдарының қызметін реттеу. Ұсынылған принцип әр үйді басқарудың жеке тәсілін қарастырады. Әр мүлік меншік иелерінің бірлестігі өзінің ағымдағы және жинақтаушы шоттарын ашатын болады. Аталған шара пәтер иелері кооперативтері және басқарушы компаниялар тарапынан қызметтер мен тарифтердің тұрғындарға жүктелмеуін және қаржыларының ашық жұмсалуын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ тұрғындардың басқару тәсілін таңдау құқығы жеке басқару органдары арқылы немесе шарт негізінде басқарушы компаниялар арқылы беріледі», - деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр.

Соңғы жаңалықтар