Тұрғын үй жинақ банкі «5-20-25» шартымен ипотека береді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Үкімет «Бәйтерек» xолдингін бюджеттік қаржыландыру туралы қаулыны қабылдады. Аталған құжат бойынша Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне қосымша қаржы бөлінеді. Оған 20 проценттік алғашқы жарнасы бар азаматтар 5 процентпен 25 жылға пәтер несиесін рәсімдей алады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, бүгінде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде 1,3 миллион салымшы тіркелген. Олардың ақшасы 660,6 миллиард теңгеге жетті. Соның ішінде 44 700 салымшы пәтер сомасының 20 процентін жинап қойды.

«Жалпы, бүгінде тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі баспана алудың ең тиімді инструменттердің бірі болып отыр. Салымшыларға берілетін займдар бастапқы жарнасы 20 процентке дейін болған жағдайда 25 жылға 5 процентке беріледі. Мысалы, құны 8,4 миллион теңге болатын пәтердің, ол шамамен 60 шаршы метрді құрайтын екі бөлмелі баспананың ай сайынғы төлемі 60 мың теңгені құрайтын болады. Бөлінген қаржы бір жылдың ішінде 3 111 салымшыға қолжетімді займ алуға мүмкіндік береді. Бұл қаржы 15 жылда 3 рет айналымда болады, яғни тағыда 6 салымшыға займ берілетін болады», - деді Ж.Қасымбек Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Министрліктің мәліметіне сәйкес, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшыларын несиелеу үшін 2017-2021 жылдары аралығында 120 миллиард теңге қарастырылған. Биыл аталған қаржының 28 миллиард теңгесі игеріледі. Бюджеттік кредит банкке 0,15 процентпен 20 жылға беріледі.

Айта кетейік, «7-20-25» бағдарламасы қабылданғаннан кейін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі несие беру шарттарын қайта қарайтынын мәлімдеген болатын. Мәселен, әскери азаматтар және арнайы орган қызметкерлеріне арналған «5-5-25»-тің жобасы ұсынылды. Бұдан бөлек, кредиттік баспананы сатып алуды көздейтін «5-20-15» шарттары қаралды.

Соңғы жаңалықтар