Тұрғын үй жалдау субсидиясына өтініш берушілер қандай қателіктерді жиі қайталайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 10 тамыздағы дерек бойынша «Отбасы банк» акционерлік қоғамына түскен 30 мың өтініштің 7 мыңы мақұлданған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы «Отбасы банк» акционерлік қоғамының баспасөз қызметінен ҚазАқпарат сауалына жолдаған жауабында мәлім етті.

«10.08.2022 жылғы көрсеткіштерге сәйкес, жалға берілетін тұрғын үйді субсидиялау бойынша «Отбасы банкіне» 30 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Олардың 7 мыңнан астамы мақұлданып, 9 мыңға жуығын банк қарастырып жатыр. 14 630 өтініш түрлі себептермен кері қайтарылған», - деп жазылған жауапта.

Өтініштердің кері қайтарылуына үш негізгі себеп бар.

«Тексеру барысында кері қайтарылған өтініштердің дені – тіркеу кезінде SMS арқылы жіберілген кодты енгізбеген қатысушылар немесе олардың отбасы мүшелері (8 153 өтініш). Субсидия рәсімдеу үшін өтініш берушінің немесе оның отбасы мүшелерінің деректерін өңдеу қажет. Ал ол үшін тіркеу кезінде SMS арқылы жіберілген кодты енгізу арқылы, өзіне қатысты ресми мәліметтерді өңдеуге рұқсат беретінін растауы керек. Мұнсыз субсидия рәсімдеу мүмкін емес.

Екінші фактор – отбасының әрбір мүшесінің табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен жоғары болуы. Осындай себеппен 1 608 өтініш кері қайтарылды. Үшінші фактор – өтініш беруші eGov қызметтерін пайдаланушының жеке мәліметтері жинақталып, сақталатын мобильді азаматтар базасынан табылмауы (976 өтініш).

Азаматтардың жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) базаға енгізілген телефон нөмірімен байланысты болады. Сәйкесінше, базаға тіркелген азаматтар eGov-тың мобильді қосымшасы мен Telegram бот арқылы мемлекеттік қызметтерді онлайн ала алады. eGov порталына ЭЦҚ-сыз бір реттік пароль арқылы кіруге болады», - деп жазады «Отбасы банктің» баспасөз қызметінен.

Аталған азаматтар базасына тіркелу үшін жеке куәлік қана қажет. Қазақстанның жеке куәлік алған (16 жастан асқан) азаматтары тіркеледі. Ол үшін еGov порталына немесе 1414.kz бірыңғай байланыс орталығының сайтына кіру қажет. Сол жерден оң жақ төменгі бұрышта жасыл түстегі «Виртуалды ассистент» қызметін таңдау керек. Бейнеқоңырау батырмасын басу арқылы интернет-браузер параметрлерінде бейнекамера мен микрофонға рұқсат беру қажет болады. Байланысқа шыққан операторға жеке куәлік көрсету керек. Операторға ЖСН нөмір, телефон нөмірі мен телефонға келіп түскен бір реттік кодты айту қажет.

Сондай-ақ, аталған базаға электронды цифрлық қолтаңба көмегімен еGov порталындағы жеке кабинетке кіріп, «Телефон» деген жерге мобильді телефон нөмірін жазып та тіркелуге болады.


Соңғы жаңалықтар