Тұрғын үй жалдау субсидиясы: Ең жиі қойылатын 10 сұрақ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Отбасы банк» акционерлік қоғамының баспасөз қызметі ҚазАқпарат тілшісіне тұрғын үй жалдау субсидиясын рәсімдеудің нұсқаулығын ұсынды.

1. Өтінім беруші отбасының табысы неше теңгеден аспауы керек?

Заң бойынша, тұрғын үй жалдау төлемдерін алуға мына төрт санат бойынша кезекте тұрған қазақстандықтар өтініш бере алады:

- 1 және 2 топтағы мүгедектер;

- мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар;

- жетім және ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар;

- көп балалы отбасылар.

Жалдау ақысын субсидиялауға үміткерлер қатарындағы отбасылардың соңғы 6 айдағы орташа жиынтық табысы отбасының әрбір мүшесіне шаққанда 1 ең төменгі күнкөріс деңгейінен (37 389 теңге) аспауға тиіс.

2. Аталған 4 санаттың біріне жататын, бірақ кезекке құжат жүзінде тіркелмеген адамдар не істеуі керек?

«Отбасы банк» мәліметіне сүйенсек, кезекке іліну үшін кеңселерді тозырып, құжат жинаудың қажеті жоқ. Құжат жұмыстары кезекке тұрып болған соң, яғни, тұрғын үйді жалға берушімен бірге өтініш тапсырған кезде қызады.

«Мемлекеттік субсидия алуға үміткер пәтер кезегіне тұрып үлгермеген жағдайда, баспанаға мұқтаж жан ретінде жергілікті атқарушы органдарға есепке тұруы тиіс. Ол үшін www.egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы, коммуналдық тұрғын үй қорынан баспанаға мұқтаждарды есепке қою туралы өтініш жолдауы қажет. Өтініш берушіге тек электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) қажет. Қалған деректердің бәрін, оның ішінде өтініш берушінің атында тұрғын үйдің жоқ немесе бар екендігі, кірістері, мекенжай тіркеуі сияқты мәліметтерді тұрғын үй комиссиясы ақпараттық жүйелер арқылы алып, қарай алады. Сондықтан аталған құжаттарды тапсырудың қажеті жоқ», - деп жазылған акционерлік қоғамның жауабында.

3. Шартты тіркеу үшін неше теңге төлеу керек?

Тұрғын үй жалдау субсидиясын алудың тағы бір шарты – мемлекеттік баж төлеу қажет. «Отбасы банк» ұсынған мәлімет бойынша оның көлемі жалға алатын үйдің типіне байланысты. Пәтер болса, жалдау шартын тіркеу үшін– 4 810 теңге, ал жеке тұрғын үй үшін– 9 620 теңге төлеу керек.

4. Субисидия қандай адамдардан жалға алған тұрғын үйге төленбейді?

Заң бойынша, баспананы жақын туыстардан және жұбайлардан, оның ішінде бұрынғы жұбайларынан және ерлі-зайыптылардың туыстарынан жалға алуға болса, субсидия төленбейді. Акционерлік қоғамның баспасөз қызметі заңның бұл талабы бойынша да түсініктеме берді.

«Неке және отбасы туралы» ҚР Кодексінде айқындалғандай, ата-аналар (ата-ана), балалар, бала асырап алушылар, асырап алынғандар, ата-анасы бір немесе бөлек аға-інілер мен апа-сіңлілер, ата, әже, немерелер – жақын туыстарға жатады», - деп жазылған жауапта.

5. Тұрғын үй субсидиясын алушы неге міндетті түрде «Отбасы банк» клиенті болуы керек?

Сонымен, субсидия тағайындау туралы өтінімдер электрондық цифрлық қолтаңба арқылы қабылданатынын айттық. Сондықтан азаматтар өтініш бермей тұрып, әуелі ЭЦҚ алуы керек немесе қолданыстағысының жұмыс істеп тұрғанына көз жеткізіп алғаны жөн.

Субсидия алуға үміткердің атында депозиті болуы шарт және «Отбасы банк» клиенті болуы міндетті. Ал жинақ шоты жоқ азаматтар оны бейнебанкинг қызметі немесе «Otbasy bank» мобильді қосымшасы арқылы аша алады.

Депозит болашақта баспана алу үшін ашылады, оны кезекте тұрған адам жалдау төлемдері тоқтатылғаннан кейін сатып ала алады. Енді ол мүмкіндігінше қаражатын үнемдей алады. Сонымен қатар ертеректе ашылған депозит оның тұрғын үйге қолжетімділік сатысының келесі баспалдағына өту кезінде құнды артықшылық болады.

6. Субсидия үміткер отбасының бүкіл мүшесі құжат тапсыруы керек пе?

Субсидия алуға үміткер otbasybank.kz порталында тіркеліп, жеке кабинетінде өтініш жаза алады.

Ол үшін, ең алдымен, төлемдерді алу туралы өтінішке қол қояды және жеке деректерді жинауға, өңдеуге келісім береді. Құжаттарға қол қойылғаннан кейін жүйе деректерді өңдеп, отбасының құрамын анықтайды. Содан кейін кәмелеттік жасқа толған әрбір отбасы мүшесі otbasybank.kz сайтында «қонақ» ретінде тіркеліп, ЭЦҚ арқылы жеке деректерді жинау және өңдеу келісіміне қол қоюы керек. Осыдан кейін жүйе деректерді қайтадан тексеріп, өтініш берушіге субсидия алуға келісім береді немесе себебін түсіндіріп, өтінішін кері қайтарады.

Егер өтініш мақұлданса, хабарламада жалға алу аймағы, пәтер ауданы, жалдау ақысының максималды мөлшері мен қатысушыға тиесілі ең жоғары субсидия көлемі көрсетіледі.

7. Пәтер иесінен қандай құжат керек?

Осыдан кейін «Пәтер иесі туралы деректер» бөлімінде өтініш беруші жалға берушінің жеке сәйкестендіру немесе бизнес сәйкестендірунөмірін көрсетуі керек. Осы сәттен бастап процесс жалға алынатын тұрғын үйдің иесі қосылатын екінші кезеңге өтеді.

Баспананы жалға беруші де otbasybank.kz сайтында ЭЦҚ арқылы тіркеліп, «Жалға алу ақысын субсидиялау» бөлімінде деректерін растайды. Сондай-ақ жеке деректерді жинау және өңдеу туралы өтінішке қол қойып, жалға берілетін пәтердің кадастрлық нөмірін және қаражат аударылатын 20 сандық шотты көрсетуі керек. Осыдан кейін жүйе жалдау шартын және төлем кестесін жасап шығады, оған тараптар ЭЦҚ арқылы қол қояды.

8. Жалға алатын пәтерді кім таңдайды?

Субсидия алуға өтініш беруші жалдау шартын тіркегені үшін мемлекеттік баж төлейді. Содан кейін оның жеке кабинетінде төлем кестесі бар жалдау шарты пайда болады.

Жалдамалы баспананы қазақстандықтар өздері іздейді.

9. Жалдайтын тұрғын үйді жиі ауыстыруға бола ма?

«Отбасы банк» жалдамалы тұрғын үй субсидиясын жалға алу келісімшартының мерзімі аяқталғанша, ай сайын аударып отырады. Құжаттың күшін мерзімінен бұрын жоюға, сондай-ақ жаңа үй иесімен келісімшарт құруға рұқсат етілген. Бұл жағдайда otbasybank.kz порталында өтініш беру процесі қайтадан жасалады.

10. Тұрғын үй жалдау субсидиясын алушыны кімдер тексере алады?

«Отбасы банк» жыл сайын субсидия алушылардың шарттарға сай келуіне мониторинг жүргізіп, төлем тәртібін ай сайын қадағалап отырады. Ал жергiлiктi әкiмдiктер жалдамалы үйлер мен онда тұрып жатқан азаматтарды кемiнде тоқсанына бiр рет тексереді.


Соңғы жаңалықтар