Тұрғын үй жалдау ақысын субсидиялау ережесі мамыр айына қарай дайын болады

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Тұрғын үй жалдау ақысын субсидиялау ережесі мамыр айына қарай дайын болуы қажет. ҚР Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Үкімет отырысында тиісті ведомствоға осындай тапсырма жүктеді, хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Отырыс кезінде Әлихан Смайылов Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің елдегі тұрғын үй саясаты жөніндегі ұсыныстарын қолдайтынын айтты.

«Сонымен бірге мына мәселелерді де атап өту қажет деп санаймын.

Бірінші. Тұрғын үй саясатының жаңа тәсілдерін енгізудің маңыздылығын ескеріп, Индустрия министрлігі тиісті заң жобасының Парламентте депутаттармен сапалы әрі жедел пысықталуын қамтамасыз етуі қажет.

Екінші. Индустрия министрлігі мен «Бәйтерек» холдингі аренданы субсидиялау механизмін енгізу бойынша барлық ұйымдастыру мәселелері мен рәсімдерді аяқтап, осы жылдың 1-ші мамырына дейін нақты іске асыруға кірісуіге тиіс», - деді Премьер-Министр.

Оның айтуынша, осы бағыттағы рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз ету үшін жауапты министрлік құрылыс саласын цифрлық технологиялар арқылы реттеуге арналған заң жобасын 1-ші сәуірге дейін Үкіметке енгізуі қажет.

«Сондай-ақ құрылыс маусымын уақтылы бастаудың маңызы зор. Өңір әкімдері күн жылынған соң құрылыс жұмыстарын барынша тездету үшін ерте бастан жер учаскелерін бөлуді, жобалық құжаттарды әзірлеуді, қажетті инфрақұрылымды жүргізуді қамтамасыз етуі тиіс», - деген Үкімет басшысы бұл жұмыстардың бәрін бақылауды орынбасары Роман Склярға тапсырды.


Соңғы жаңалықтар