Тұрғын үй салу жағынан Қазақстан ТМД-да көш басына шықты - Мархабат Жайымбетов

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл халықты тұрғын үймен қамту мәселесіне қатысты елімізді қандай өзгерістер күтіп тұр? Жалпы, Қазақстандағы тұрғын үй құрылысының қарқыны қандай? Ірі қалаларда жастар үшін жылына 1 мың пәтер салу туралы Президенттің тапсырмасы қалай жүзеге асырылғалы жатыр? ҚазАқпарат тілшісіне ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі құрылыс және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов сұхбат беріп, өзекті сұрақтарға жауап берді.

- Мархабат Жайымбетұлы, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент халықтың тұрғын үй мәселесіне ерекше тоқталған болатын. Мемлекеттік бағдарламалар баршылық дегенімізбен, халықтың біршама бөлігі, әсіресе, үлкен қалаларда әлі де пәтер жалдап отырғаны құпия емес. Жалпы, биыл баспана мәселесіне қатысты елімізде қандай өзгерістер болады?

- Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша халықтың тұрмыс сапасын арттыру үшін тұрғын үй, су мен жылу керек. Біздің атқарып отырған шаруаларымыз осы. Өткен жылы елімізде 113 мыңнан аса отбасы тұрғын үй жағдайларын жақсартып, оның ішінде мемлекет қаражаты есебінен 14 мыңнан аса отбасы жалға берілетін және несиелік тұрғын үйге қол жеткізді. Ерекше атап өтерлігі, 2018 жылы Қазақстанда бір азаматқа шаққандағы тұрғын үйдің салынуы 0,68 шаршы метрді құрады. Бұл ТМД елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіш екенін тілге тиек еткім келеді. Мәселен, бұл көрсеткіш Ресейде - 0,54 шаршы метрді, Беларусьте - 0,40, Өзбекстанда - 0,36 шаршы метрді құрады.

Қазіргі уақытта біз өңірлер бойынша талдау жүргізіп отырмыз. Себебі, табысы жағынан аймақтар бір-бірінен ерекшеленетінін білесіз. Мысалы, Түркістан облысы мен Жамбыл облысындағы халықтың табысы Астана, Алматы, Атырау қалаларындағы халықтың кірісімен салыстырғанда төмендеу. Соған байланысты өңірлерде «Нұрлы жер» мен «7-20-25» бағдарламасы бойынша қандай мәселелер туындап жатқанын талдап, тиісті өзгерістерді енгізуге тырысып жатырмыз. Өзіңіз білетіндей, инфрақұрылымға қазіргі таңда қаражат көптеп бөлінуде. Табысы төмен отбасыларға үйді жалға беру тетіктері көбейіп келеді.

Мысалы, өңірлердің әкімдіктеріне 1 миллион теңгеге дейін тұрғын үй сертификаттарын беру тапсырмасы жүктелді. Сол шаруа бойынша заңға өзгеріс енгізіліп, әкімдіктер осы соманы беруді бастап та кетті.

- 2030 жылға дейін әр адамға шаққандағы тұрғын үймен қамтамасыз ету көрсеткішін 30 шаршы метрге дейін жеткізу мақсаты қойылған болатын. Еліміздегі тұрғын үй құрылысының қарқыны бұл мақсатқа жетуге мүмкіндік бере ме?

- 2019 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде 13 млн шаршы метр жаңа тұрғын үй немесе 118 мыңға жуық баспана салу жоспарланып отыр. Соның ішінде 7,5 млн шаршы метр көпқабатты және 5,5 млн шаршы метр жеке тұрғын үй салу көзделуде. Мемлекеттік инвестициялар есебінен 20 мыңға жуық баспана салынады. Егер жыл сайын тұрғын үй көлемінің өсімін 8 пайызға қамтамасыз етсек, яғни жыл сайын 100 мыңнан аса баспана қолданысқа берілсе, 2030 жылға дейін бір адамға шаққандағы тұрғын үймен қамтамасыз ету көрсеткішін 30 шаршы метрге дейін жеткізуге әбден болады. Осы көрсеткішке жету үшін бірқатар шаралар жасалуда.

Талдап айтып берейін: «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған тұрғын үйлерді «7-20-25» бағдарламасының қатысушыларына және Тұрғын үй құрылыс жинақ банктің салымшыларына бір мезгілде өткізу көзделді. Сонымен қатар, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің қарыз беру параметрлері, бастапқы жарнаның мөлшерін 30 пайыздан 20 пайызға дейін төмендету бөлігіне өзгертілді. Жоғарыда айтып өткенімдей, халықтың бастапқы жарнасына көмек көрсету аясында әкімдіктер 1 млн теңге мөлшерінде тұрғын үй сертификаттарын беретін болады. Бұл қаржы өңірге қажет мамандарға, мұғалімдер мен дәрігерлерге, басқа да мамандарға тапсырылады. Одан басқа, республикалық бюджеттен құрылыс алаңдарын инженерлік коммуникациялар салуға қаржыландыру тетігі 100 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Әлеуметтік жағынан осал азаматтарымыз үшін жалға берілетін баспананың құрылысына қаржыландыру 35 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Яғни, осы шаралардың бәрі де көзделген мақсатқа барар жол десек те болады.

- Жастар жылының ашылуына арналған салтанатты жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің ірі қалаларында жастар үшін жылына 1 мың пәтер салынатынын хабарлаған болатын. Осы тапсырманы орындау үшін қаржыландырудың тетіктері мен көздері айқындалды ма?

- Қазіргі таңда еліміздің 3 ірі қаласында жұмыс істейтін жастар үшін жыл сайын 1 мыңға жуық жалға берілетін пәтер салу бойынша қаржыландыру тетіктері мен көздері анықталды. Енді біз жауапты министрліктермен бірге «пәтер қандай жастарға және қалай беріледі?» деген сұрақтарды пысықтайтын боламыз. Қаржысы бар: жалпы 3 жылдың ішінде 22 млрд теңге қаржы қажет болады.

Әкімдіктер Қазақстан Республикасы Қоғамдық даму министрлігімен бірлесіп, «жұмыс істейтін жастар» санатына жатқызу критерийлерін, қатысушыларды іріктеудің және пәтерлерді іске асырудың тәртібін айқындайтын болады.

- Мемлекет басшысы сондай-ақ құрылыс жүргізу кезінде Қазақстанда жасалған құрылыс материалдарын пайдалануға екпін беріп отыр. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Жеңіс Қасымбек құрылыстағы қазақстандық қамту үлесі 77 пайызды құрағанын мәлім еткен. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті қанша пайызға арттыру көзделуде?

- Отандық тауар өндірушілердің құрылыс материалдарын, бұйымдарын, конструкцияларын және жабдықтарын қолдану үшін 2018 жылы электрондық реестр құрылды. Ол тауарлардың коды мен шығу тегі сертификаттарын көрсете отырып, қолданылатын құрылыс материалдарының номенклатурасын көрсетеді. Бұл тізілім қолданыстағы сметалық-нормативтік базамен біріктірілген. Сметаны жобалау және жасау кезінде реестрге міндетті түрде сілтеме жасау тәртібі енгізілді.

Қазіргі уақытта әрбір өңірде «Атамекен» ҰКП қатысуымен жұмыс топтары мен отандық өнімнің қолданылуын бақылау жөніндегі комиссиялар жұмыс істейді. Өзіңіз айтып өткендей, 2018 жылдың қорытындысы бойынша құрылыс жобаларында қазақстандық қамту үлесі 77 пайызды құрады, оның ішінде тұрғын үй құрылысында - 86 пайыз. Биыл осы реестрді іске қосу және толтыру жоспарлануда («NADLoC» АҚ жүргізеді). Сондай-ақ орындалған жұмыстар актілерінде жергілікті қамтуды бақылау үшін материалдардың шыққан елін көрсету көзделген.

Бұл ЖСҚ-ға енгізілген отандық материалдарды импорттық материалдарға негізсіз ауыстыруды азайтады. Сондай-ақ құрылыс жобаларында жергілікті қамтуды сақтау бойынша техникалық қадағалаушылар мен тапсырыс берушілердің жұмыс тиімділігі мен жауапкершілігін арттырады.

- Сұхбат бергеніңіз үшін рахмет!

Соңғы жаңалықтар