Тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторы жұмысын қашан бастайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда Тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторы құрылады. Оған «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ға еншілес 3 компания енеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

9 маусым күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғын үй бағдарламаларының операторларын қысқарту жөніндегі Заңға қол қойды. Оған сәйкес елімізде Тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторы құрылады. Заң биылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енеді.

Қазіргі таңда, «Бәйтерек» холдингінің құрамында Қазақстанның тұрғын үй құрылысы саласын дамытумен айналысып жатқан 4 еншілес ұйым бар:

- «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ (ҚТҚЖБ);

- «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ (ҚИК);

- «Бәйтерек девелопмент» АҚ (БД);

- «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» АҚ (ТҚКҚ).

Сондай-ақ, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ тұрғын үй құрылысымен айналысатын кәсіпкерлердің кредиттері бойынша субсидия береді.

Заңға сәйкес, «Бәйтерек» холдингінің 3 еншілес ұйымы («Тұрғын үй құрылыс жинақ банкін» қоспағанда) Тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторына біріктіріледі. «Даму» қорының құрылыс салушыларды субсидиялау функциясы да Бірыңғай операторға беріледі. Бұл ретте, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі елдегі» тұрғын үй-құрылыс жинақ жүйесін дамытушы жалғыз банк ретінде халыққа баспанаға жеңілдікпен несие беру функциясын жалғастыра береді.

Бастапқы кезеңде Бірыңғай оператор мынадай функцияларды жүзеге асырады:

- әкімдіктерде кезекте тұрғандар мен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшылары үшін қолжетімді тұрғын үй құрылысын қаржыландыру;

- үлескерлік құрылыстың аяқталуына кепілдік беру;

- жеке құрылыс салушылардың кредиттерін субсидиялау;

- меншікті инвестициялық жобаларды іске асыру және қаржылық қызметтің өзге де түрлерін көрсету.

«Қазіргі уақытта, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірге нормативтік-құқықтық базаны жаңа Заңға сәйкес бейімдеу жұмыстарын жүргізудеміз. Аталған жұмыс келесі тоқсанда аяқталмақшы. Ал қыркүйек айының соңына дейін қалған корпоративтік рәсімдер аяқталып, құжаттар әділет органдарына жіберіледі.

Бірыңғай операторды құру үшін республикалық бюджеттен немесе «Бәйтерек» холдингінен қосымша қаражат бөлу қажет емес. Қызметтің тұрғын үй бөлігін оңтайландыру әкімшілік шығыстарды кемінде 40%-ға астам қысқартуға мүмкіндік береді. Еншілес компаниялардың штат саны да азаяды. Ал басқару аппараты 3 еседей қысқарады. Алайда, еліміздің әр өңірінде Бірыңғай оператордың өкілдері болады», - деді «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Әнуар Омарқожаев.

Сондай-ақ мәлім етілгендей, биылғы жылдың соңына дейін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» базасында «Отбасы банкі» құрылады. Ол тұрғын үйді есепке алуды, кезекке қоюды және оны бөлуді бір орталықтан жүзеге асырады. Әкімдіктер баспана кезегі бойынша тізімді «Отбасы банкіне» беріп отырады.


Соңғы жаңалықтар