«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» жаңа басшысы отбасы мүшелеріне пәтер бере алмайтын болды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» жанындағы Қоғамдық кеңестің осы жылдағы алғашқы отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі аталған банктің баспасөз хатшысы Айбар Олжайдың сөздеріне сілтеме жасай отырып.

«Қоғамдық кеңес отырысында бірнеше мәселе талқыланды. Атап айтқанда, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының негізгі мақсаты, міндеті, механизмі туралы Қоғамдық кеңес мүшелеріне баяндап берілді. Сонымен қатар, биылғы жылы банктің атқаратын жұмыстары, сапаны жақсартудағы технологиялық шешімдер және кейбір қаржылай жеңілдіктерді одан ары жалғастыру мәселесі қарастырылды», - деді Айбар Олжай.

Сондай-ақ, ол Қоғамдық кеңесте соңғы уақытта басылымдарда жарияланған банк беделіне нұқсан келтіретін ақпараттар да талқыланғанын айтты. 

«Үшінші сұрақ ретінде бүгінгі жиында түрлі басылымдарда жарияланып, банк беделіне нұқсан келтірген ақпараттар жөнінде әңгіме болды (Бұрынғы банк басшылығының туысқандарына заңсыз пәтерлер үлестіруі - ред). Осы мәселе бойынша, банктің жаңа басшысы Ләззат Ибрагимова, банктің жаңадан сайланған орынбасары Әділет Қожамбаев өздері банкте жұмыс істеу барысында отбасы мүшелерін пәтер алу жөніндегі мемлекеттік бағдарламаға қатыстырмау жөнінде дайындалған құжатқа өз еріктерімен қол қойды. Сонымен бірге, банк басшысы тек қана, оның отбасы мүшелері, яғни балалары және жолдасы ғана емес, ағалары мен сіңілілерін де мемлекеттік бағдарламаға қатыстырмау туралы ойын айтып, мемлекеттік бағдарламаға қатыспайтын туысқандарының тізімін кеңейтті», - деді Айбар Олжай.  

Банк баспасөз хатшысының айтуынша, бүгін Қоғамдық кеңеске банк тағы бір ұсыныс айтқан.

«Банк басшысы пәтер алу туралы мемлекеттік бағдарламаға отбасы мүшелерін қатыстырмау туралы құжатқа отбасы мүшелерінен бөлек, туысқандары яғни, ағалары, сіңілілерін де қатыстырмау туралы ұсынысты банктің қызметтік этика туралы құжатына енгізуді ұсынды. Алайда, Қоғамдық кеңес ол ұсынысты қабылдаған жоқ. Себебі, аталған тұлғалар отбасы мүшелеріне кірмейді. Қоғамдық кеңес бұл шешім олардың констиутциялық құқығын бұзады деген шешімге келді. Сондықтан, ол ұсыныс банктің қызметтік этикасына енгізілмейтін болды. Алайда, банк басшысы өзіне қатысты құжатқа қол қойды», деді Айбар Олжай. 

Соңғы жаңалықтар