Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің мақсаты - баспанаға қолжетімділікті арттыру

None
None
sp;АСТАНА. Қарашаның 16-сы ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Кез келген азаматтың бұл өмірде үш міндеті болады екен. Оның бірі - баспана тұрғызу болса, екіншісі - отбасын құрып, ұрпақ тәрбиелеу, ал соңғысы - ағаш отырғызу. Ер азаматтың отбасын құрып, ағаш отырғызуға мүмкіншілігі жеткенімен,  баспаналы болу зардабын көп тартатынын қазіргі қоғам анық көрсетіп отыр. Дегенмен мемлекеттің бірден баспаналы болуды қалтасы көтермейтін азаматтарға мемлекеттік бағдарлама

бойынша «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы төмен пайызбен несие бере бастағанына да 2 жылдың жүзі болды. ҚазАқпарат тілшісі аталған банктің Басқарма төрайымының орынбасары Нұржами Алтынсақамен жолығып, әңгімелескен болатын.     

 

    - Нұржами Қалықбайқызы, еліміздегі 2008-2010-шы жылдарға арналған Мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасының бірден-бір операторы  болып Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі белгіленген еді. Осы мақсатқа республикалық бюджеттен 57 млрд. теңге бөлу қарастырылып, оның 23,5 млрд теңгесінің банкке өткен жылы берілгенінен хабардармыз. Қаржының игерілуі қай деңгейде?

       - Иә, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі қазірде Қазақстан Республикасының 2008-2010-шы жылдарға арналған Мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасына қатысушыларға теңгемен жылына 4 пайыздық мөлшерлемемен алдын-ала (тиімді мөлшерлемесі - 4,3%-ға дейін) және аралық (тиімді мөлшерлемесі - 5,1%-ға дейін) тұрғын үй несиелерін беруде. Сонымен қатар, үстіміздегі жылдың ақпан айында заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, 2005-2007 жылдарға арналған Мемлекеттік тұрғын үй құрылысын дамыту бағдарламасының қатысушыларына да дәл осындай жеңілдіктермен қызмет көрсетіп жатырмыз.

      Мемлекеттік бағдарламанының жүзеге асуы барысында, аталған шараға қатысушылардың төлем қабілетін бағалау, заем беру және оны өтеуге байланысты  барлық  амалдарды орындау банктің құзыретіне кіреді. Банк Мемлекеттік бағдарламаға қатысушыларға тек төлем қабілеттілігі расталған жағдайда ғана несие береді. Егер өтініш берушінің табысы расталмаса немесе қажетті межеге жетпесе, оған екі адамға дейін заемшы тартуына болады. Қазірде  2008-2010 және 2005-2007 жылдарға арналған Мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламалары аясында республика бойынша барлығы 17 млрд. теңге шамасында 5 000-нан астам қатысушыға несие  беріп үлгердік. Оның ішінде 2008-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында  3 000-ға жуық қатысушыға 10,78 млрд. теңгенің несиесі берілді. Сонымен қатар барлығы 24 000-ға жуық өтініш беруші 81,8 млрд. теңге көлемінде төлем қабілеттілігі расталғаны туралы хабарламаны қолына алды.

    - Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі Мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламаларымен қатар шет елдегі қандастарымыздың тарихи отаны - Қазақстанға қоныс аударуына мүмкіндік беретін «Нұрлы көш» жобасына да атсалысуда. Бағдарламаның жүзеге асырылу барысы  туралы мағлұмат бере кетсеңіз?

    - 2009-2011 жылдарға арналған «Нұрлы көш» бағдарламасы елінен жырақта жүрген қандастарымыздың өз Отанында ірге көтеруіне және еліміздің әл-ауқаты төмен аудандарындағы Қазақстан азаматтарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған. Ағымдағы жылы «Нұрлы көш» бағдарламасының үш аймақта: Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан  және Ақмола облыстарында тұсаукесер жобасы жүзеге асырылып жатыр. Пилоттық жобаға қатысушылар үй салынып жатқан кезеңде, 5,5 жылдың ішінде депозитте пәтер құнының 50 пайызын жинақтау мақсатында, банкпен келісім шарт жасасып, шотқа ақшаларын сала бастайды. Олардың салымына әдеттегідей жыл сайынғы 2 пайыз банк сыйақысы  (тиімді мөлшерлемесі - 8,1% ға дейін) мен мемлекет сыйлықақысы қосылып отырады.

      Баспана құрылысы аяқталғаннан кейін жобаға қатысушы үйді жалға алады. Қажетті соманың алғашқы бөлігін жинағаннан кейін  банктен екінші жартысын несие ретінде алып, тұрып жатқан үйіне ие болу мүмкіндігі бар. Банк бұл бағытта қазірде жергілікті әкімшілік және Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялармен бірлесе жұмыс істеуде.

      Енді нақты деректерге келсек, соңғы мәліметтерге сәйкес, Оңтүстік Қазақстан облысында аталған пилоттық жобаға қатысуға 650 адам өтініш берсе, оның 465-і  банк салымшысы атанды. Жоба аясында 239 тұрғын үй салынып, оның 138-і пайдалануға берілді. Ал, Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстарында аталған жоба шеңберінде салынатын үйлердің құрылысы жүріп жатыр.

 

    - Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің негізінде жұмыс істейтін еліміздегі жалғыз банк басшыларының бірі ретінде  аражігін ажыратып беріңізші, осы жүйені іске асырудағы басты қағидалар қандай, төмен пайызбен берілетін несиеге қалай қол жеткізуге болады?

  - Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі әр азаматтың баспана жағдайын жақсарту мақсатында дербес салымға ақша жинап, кейіннен банктен заем алу мүмкіндігіне негізделген. Ол үшін кез-келген азамат алдымен банкке келіп, тарифтік бағдарламалардың бірін таңдап, тұрғын үй құрылыс жинақтары туралы келісімшарт жасауы керек. Содан кейін ай сайын, тұрақты түрде өз шотына ақша салу арқылы тиісті қаражаттың тең жартысын жинайды. Сол жағдайда нарықтағы ең төмен - 3,5-5%  мөлшерлемемен (тиімді мөлшерлемесі - 3,6-5,3%) тұрғын үй заемын алу мүмкіндігі бар. Салымшы шартқа қол қойған күннен бастап, жинақтау кезеңі, сондай-ақ несие бойынша қызмет көрсету мерзімі аяқталғанша  пайыздық мөлшерлемелердің өзгеріссіз қалатынын да ерекше атап айтуға болады.

Назар аударуға тұрарлық мәселе - салымшылардың депозиттеріне банк сыйақысымен қоса мемлекеттік сыйлықақы есептеледі. Оның мөлшері салымның ынталандырылған бөлігінің 200 айлық есептік көрсеткішінің 20 пайызына тең. 2009 жылы бір салымшыға мемлекеттен берілетін сыйлықақының ең жоғары көрсеткіші  51 840 теңгені құрады. Ең жоғарғы сыйлықақыны алу үшін салымшы өз шотына ағымдағы жылы 259 200 теңге көлемінде жарна салуы қажет. Мемлекет тарапынан көрсетілетін тағы бір қомақты көмек - салықты жеңілдету. Банктің несиесін пайдаланған азаматтар үстеме ақысына жеке табыс салығын төлемейді. Ол үшін заем алушы жұмыс орнына банктен анықтама апаруы керек.

 

    - Осылайша, мемлекет жинақтау жүйесі арқылы баспана мәселесін жақсартқысы келген азаматтарға қолдау көрсетіп отыр ғой?

       - Әрине, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі жоғары болмаса да, тұрақты табысы бар, қоры жоқ, бірақ қор жинауға мүмкіндігі жететін тұрғындарға арналған. Әу баста банктің құрылуына негіз болған да осы қағида еді. Яғни, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне заемшы мен банктен басқа үшінші жақ - мемлекеттің өзі де қатысады. Салымшыларға сыйлықақы төлеудегі мақсат -мемлекеттің баспана алуға мүдделі азаматтарды ұқыпты түрде салым жинау мәдениетіне бағыттауы. Сонымен қатар, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі мемлекеттік депозиттерге  кепілдік беру жүйесіне қатысады. Яғни, мемлекет басқа банктердегідей біздің банктегі 5 миллион теңгеге дейінгі салымдардың қайтарылуына кепілдік береді.

 

   - Осы ретте Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің  қазірде өз салымшыларына қандай тарифтік бағдарламалар ұсынып отырғанын  айта кетсеңіз?

    - Қазіргі уақытта Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі өз салымшыларына үй сатып алуға, үй салуға, үй жөндеуге және оны ауыстыруға мүмкіндік беретін «Бастау», «Өркен», «Кемел» және «Болашақ» атты төрт тарифтік бағдарламаны ұсынып отыр. Баспана жағдайын  жақсартуды қалаған салымшы қаржылық мүмкіндіктеріне байланысты өзіне ыңғайлысын таңдай алады. Аталған төрт тарифтік бағдарлама да 50х50 сызбасымен жұмыс істейді. Яғни, депозитте шарт сомасының жартысы жинақталады да, дәл осынша соманы банк салымшыға заем есебінде береді. Жоғарыда айтып өткенімдей,  тұрғын үй заемы бойынша пайыздық үстемелер, таңдап алынған тарифтік бағдарламаға сәйкес,  жылына 3,5-5% (тиімді мөлшерлемесі - 3,6-5,3%-ға дейін) құрайды. Салымды жинақтау мерзімі 3 жылдан 15 жылға дейін, ал заемды пайдаланудың тиімді мерзімі -  6 жылдан 25 жылға дейін белгіленген.

Ескеретін жайт, салымшының әрбір тарифтік бағдарлама үшін белгіленген бағалау көрсеткішінің ең төменгі мәніне жетуі тұрғын үй заемын алу талаптарының бірі болып табылады. Егер салымшы қаражаттарды банк ұсынған ай сайынғы төлем сомаларына сәйкес жинақтаса, онда тұрғын үй заемын алу мерзіміне ол бағалау көрсеткішінің қажетті мәніне жетеді. Төлемдерді уақытында іске асырмаса немесе жинақтаудың барлық мерзімінде төлемдерді біркелкі енгізу талаптарына сәйкес банк ұсынған сомадан аз сома енгізсе, бағалау көрсеткішінің мәні кемиді. Сондай-ақ салымшы жинақтаудың бастапқы сатысында төлемдерді мерзімінен бұрын іске асырса, бағалау көрсеткішінің мәні артатынын да айта кету керек.

 

   - Ал егер салымшы  баспана сатып алуға қажетті қаржының жартысын мерзімінен бұрын жинаса, немесе шотына бірден енгізсе, онда қандай талаптармен несие алуына болады?

      - Тұрғын үй заемдарынан бөлек, банк тұрғындарға аралық тұрғын үй заемы  мен алдын ала тұрғын үй заемын береді. Егер салымшы өзінің  шотында шартты соманың 50  пайызын мерзімінен бұрын  жинап, немесе сол соманы бірден енгізсе,  аралық тұрғын үй заемын алуына мүмкіндік туады. Аралық тұрғын үй заемын пайдалану мерзімдері салымшы таңдаған тарифтік бағдарламаға байланысты 6 жылдан 25 жылға дейін есептелген, ал сыйақыландыру мөлшерлемесі жылдық  10% (тиімді мөлшерлемесі - 21,3%-ға дейін) құрайды. Мерзіміне дейін жинақталған не бір мерзімдік жарна ретінде енгізілген шарттық соманың 50% мөлшеріндегі жинақтар шотында қалады және оған банктің сыйақысы мен мемлекет сыйлықақысы есептеліп отырады.

      Енді алдын ала тұрғын үй заемына тоқталсам, аралық заемдағыдай, алдын ала тұрғын үй заемы да  екі кезекті заемдарын алумен сипатталады, біріншісі  - алдын-ала, екінші кезекте негізгі тұрғын үй заемы беріледі. Банк алдын ала тұрғын үй заемын 3 жылдан бастап 8,5 жылдық мерзімге береді. Сыйақы мөлшерлемесі  - жылдық 12% (тиімді мөлшерлемесі - 20,2%-ға дейін), 14% (тиімді мөлшерлемесі - 19,6%-ға дейін) шамасында. Алдын ала тұрғын үй заемының аралық заемнан басты ерекшелігі -  бір мерзімде  шарттық соманың 50%-на тең  сома енгізу талабы қойылмайтынында. Салым алдын ала тұрғын үй заемын өтеумен қатар жасалады.

Ең төменгі жинақтау мерзімі (3 жыл) өткеннен соң, аралық тұрғын үй және алдын ала тұрғын үй заемдары жылына 3,5-5% мөлшерлеме бойынша тұрғын үй заемымен қайта қаржыландырылады.

  

    - Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің қызметін көбіне кімдер пайдаланады?

     - Нақтылайтын болсам, қазірде банк клиенттерінің басым бөлігі- 48% мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, олай болуы заңды да.  27% коммерциялық және қаржылық мекемелерде жұмыс істейтіндер болса, 9% үй шаруасымен айналысатын әйелдер қауымы құрайды.

 

     - Осы ретте тағы бір сауал туындайды, өзіңізге белгілі, елімізде баспана бағасы күн сайын шарықтап өскен кезеңде тұрғындар жоғары пайыздармен екінші деңгейлі  банктерден несие алды. Қазіргі жағдайда Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде сол несиелерді төмен пайыздармен қайта қаржыландыруға мүмкіндік бар ма?

     - Иә, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыруға болады. Ол үшін өтініш беруші алдымен тұрғын үй құрылыс жинақтары туралы келісімшарт жасауы керек. Содан соң клиенттің  қаржылық жағдайына қарай біз салымшыға тұрғын үй заемын, сонымен қатар алдын-ала және аралық тұрғын үй заемдарын бере аламыз. Ескеретін жайт, басқа қаржы институтынан алынған ипотекалық қарызды өтеу бойынша мерзімі кешіктірілген жағдайда,  Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі ол несиені қайта қаржыландырмайды.  

 

  - Екі жыл бұрын әлемді шарлаған қаржы дағдарысы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің жұмысына да өз салқынын тигізген болар?

  - Рас, әлемдік қаржы дағдарысы банк қызметіне де кері ықпалын тигізді. Алайда, нарықтағы басқа қатысушыларға қарағанда біз бұл қиындықтан жеңіл өтудеміз. Себебі түсінікті, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» сырттан қарыз алған емес. Дегенмен, елдегі экономикалық жағдайдың өзгеруі банктің жаңа клиенттерді тарту үдерісіне салқынын тигізіп отыр. Бұл құбылыс дағдарыс жағдайында халықтың әлеуметтік белсенділігінің төмендеуімен, кей жағдайда, жалақының  азаюымен байланысты. Дегенмен 2008-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы мен «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының қаржысы есебінен несие беру арқылы біз 2010-2015 жылдар аралығына жоспарланған негізгі даму көрсеткіштерін сақтап қаламыз деген ойдамыз. Жағдайдың оңалып келе жатқанын тұрғын үй құрылыс жинақтары туралы келісім шарттар санының үстіміздегі жылдың қаңтар айымен салыстырғанда 1-қарашадағы көрсеткішке сәйкес, 33 пайызға артуынан да байқауға болады.

      - Осыдан 6 жыл бұрын ТМД-да алғаш Қазақстанда іске асырыла бастаған тұрғын үй құрылыс жүйесі  өзін-өзі ақтады деп сеніммен айтуға болады ғой?

     - Әрине, оған банктің мемлекеттік бағдарламаларға белсенді атсалысуы, қол жеткізген қаржылық көрсеткіштеріміз дәлел. Егер алғашқы  2003 жылы салымшылар саны 401 адам болса,  қазірде 147 мыңға жуық, ал келісімшарт сомасы 227,7 млрд. теңгені құрап отыр. Депозиттік база (салымшылардың жинағы)  - 23,6 млрд., несие портфелi - 42 млрд., банк активтерi - 67,1 млрд. теңгеге жетті. Ал банктің табысы ағымдағы жылдың өткен 10 айындағы көрсеткіш бойынша  6,55 млрд. теңге сомаға тең.

     - Банктің даму стратегиясының аясында қандай межені көздейсіздер?

      - Қазiргi уақытта Тұрғын үй құрылыс жинақ банкi  2005-2010 жылдарға арналған ұзақ мерзiмдi стратегиясына сай жұмыс істеуде. Осы орайда банктiң ұзақ мерзiмдi көрсеткiштерiн нақтылау үшiн, әлемдегі  және елдегi экономикалық жағдайдың өзгеруіне  байланысты Директорлар кеңесінің 2010-2015 жылға арналған жаңа бағдарламаны бекіткенін атап өткен орынды. Ұзақ мерзiмге бекітілген стратегияның аясында 2015 жылға қарай тұрғын үй құрылыс жинағы туралы келiсiмшарттарды 500 мыңға дейін арттырып,  тұрғындарға 150 млрд. теңге көлемінде заем беруді жоспарлап отырмыз.

 

Соңғы жаңалықтар