Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі үш облыста мыңнан астам пәтер береді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылда Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі 145 үйді қабылдады. Соның жартысы салымшыларға таратылды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«145 үй ол - 8 672 пәтер. Осы уақытқа дейін 4 000 пәтердің бәрі салымшыларға таратылды. Жылдың аяғына дейін республика бойынша тағы 52 үй пайдалануға беріледі деген жоспар бар. Ол тағы 4 879 пәтер. Өкінішке қарай, біз соның барлығын жылдың аяғына дейін таратып үлгермейміз. Себебі пәтерлердің құжаттарын әзірлеп, келісімдерді рәсімдеу керек. Салымшылар әрбір пәтерді қабылдауы тиіс. Оған біраз уақыт кетеді», - деді «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрайымы Ляззат Ибрагимова бүгін Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.

Банк басшысының айтуынша, алдағы уақытта Оңтүстік Қазақстан облысында - 1 630 пәтер, Қостанай облысында - 1 260 пәтер, ал Маңғыстау облысында 1 068 пәтер салымшыларға беріледі. Олардың барлығы осы жылдың соңына дейін және келесі жылдың басында өз баспаналарына кіре алады.

«Биылғы жылдың тағы бір жетістігі, «Нұрлы жер» аясында көппәтерлі үйлер ғана емес, коттедждер де салына бастады. Ол жағынан Қостанай облысы жақсы жетістіктерге жетті. Қазір Заречный кентінде коттедждерді таратып жатырмыз. Бір шаршы метрдің бағасы - 120 мың теңге. Келесі жылы Ақтөбе мен Солтүстік Қазақстан облыстарында тура сондай үйлер салынады», - деп атап көрсетті Л.Ибрагимова.

Соңғы жаңалықтар