Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі IFC-пен жаңа жүйедегі несие ұсынбақ

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі Бүкіләлемдік банк Тобына кіретін Халықаралық қаржы корпорациясымен (International Finance Corporation - IFC) келісім бекітті.

Енді банк клиенттері үздік халықаралық тәжірибелерге негізделген жүйемен несие алатын болды. Бұл өз кезегінде мыңдаған қазақстандықтың баспана мәселесін шешуге арналған қосымша құрал болмақ.

«Тұрғын үй мәселесі Қазақстанның тұрақты өркендеуінде шешуші мәнге ие десек артық емес. Ал «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» секілді қаржы институттары осы сектордың дамуына ықпал етуде маңызды рөл ойнайды. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі Қазақстанның банк секторының бәсекеге қабілеттілігін нығайту және Қазақстандағы қаржылық инклюзивті қамтамасыз етуде бізге жақсы серіктес болып отыр», - деді Орталық Азия бойынша IFC басшысы Кассандра Колберт.

Жаңа несие өнімін дайындау бірнеше кезеңге созылмақ.

Жұмыс 2019 жылдың соңына қарай аяқталады. IFC ең алдымен банктің қазіргі қызметіне анализ жүргізіп, сосын клиенттер базасын саралайды. Клиенттердің қажеттілігін түсіну үшін халықаралық сарапшылар олардың жұмысын, табыс деңгейін, қай жерде тұратынын зерттейді.

Бүгінде Қазақстанда тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі баспаналы болудың ең қолжетімді әдісі болып отыр.

1 миллион екі жүз мыңнан астам қазақстандық осы жүйеге сенім білдіреді. Бұл - елдегі экономикалық белсенді халықтың 13,1%-ы болып отыр.

«Осы уақытқа дейін 165 000 азаматқа тұрғын үй жағдайын жақсартуға көмектестік. 2018 жылдың 10 айында ғана 30 500 отбасы біз арқылы баспаналы болды. Ал қазан айында 4 500 займ ресімдеп, рекордтық көрсеткішке қол жеткіздік. Баспаналы атанған салымшылар саны бұдан да көп болуы үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі халықаралық деңгейге шығып отыр. Бұл қосымша инвестицияларға жол ашады және тұрғын үй мәселесін шешуге арналған жаңа құралдарды енгізуге мүмкіндік береді. Мұндай қадамнан бірінші кезекте Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің клиенттері ұтады. Оларға бұрынғыдан да сапалы, көпжылдық халықаралық тәжірибеге негізделген қызметтер ұсынылады, нәтижесінде салымшыларымыз тиімді жолмен баспана ала аладый, - деді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің төрайымы Ләззат Ибрагимова.

Банк өнімдерін жетілдіру - Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің 2023 жылға дейінгі даму стратегиясында көрсетілген мақсаттарға жетудегі негізгі міндеттерінің бірі. Бұл кезеңге қарай банк клиентке бағдарланған қаржы институты атанып қана қоймай, жоғары технологиялық ұйымға айналуы тиіс. Осы жылы аталған бағытта үлкен жұмыстар атқарылды және қашықтан қызмет көрсету сервистеріне баса мән берілді.

Мәселен, 2018 жылдың мамыр айында депозиттерді басқа адамның атына онлайн жолмен аударуға мүмкіндік беретін жаңа аукцион қызметі қосылды. Бұл жоба жүзеге асырылғалы бері 2 104 салым сатылды. Иесі өзгерген депозиттердегі жалпы жинақ сомасы 4 млрд теңгені құрады, яғни осындай сома тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінде қалып, тұрғын үйге мұқтаж жандарға баспаналы болуға көмектесті.

2018 жылдың шілде айында банк видео арқылы кеңес беру қызметін іске қосты. Аталған сервис арқылы клиенттер менеджермен бейнебайланыс орнатып, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің барлық қызметтері бойынша қашықтан кеңес ала алады.

Соңғы жаңалықтар