«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» 70 адамға бос жұмыс орнын ұсынады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда өткен бос жұмыс орындарының жәрмеңкесінде жетіспейтін кадрлар саны анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Жәрмеңкеге 150 жұмыс беруші қатысты.  Елімізде "7-20-25" бағдарламасының шығуына байланысты «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» 70-тен астам кеңесші іздейді. Бұның себебі -  мегополис халқын ақпаратпен қамтудың қиынға соғуында.

«Жаңа «7-20-25» бағдарламасын халыққа  түсіндіру үшін кеңесшілердің қатарын көбейтпекпіз. 18 жасқа толған, орта білімді болса да,  жұмыс істеуге ықыласы бар кез-келген адамды ала береміз. Тек жеке кәсіпкер болмауы керек. Жұмыс кестесі жеңілдетілген. Олар берілген уақыттың ішінде біраз адаммен кеңес жүргізіп, олардың белгілі бір мөлшерде қаржы салуына ықпал етуі тиіс. Банктің көмегімен үй алу, салу немесе үй  жөндеу жұмыстарын жүргізуді халыққа жеткізе білу тиіс. Мұның бәрін жұмысқа алғаннан кейін 10 күн ішінде оқытып шығамыз. Олар штаттан тыс қызметке алынып, сәйкесінше зейнетақы төлемдері жүрмейді. Есесіне жұмыс кестесін өзіне ыңғайлап алып, қосымша атқаруға да болады»,-дейді көшбасшы кеңесші Мадина Болатханқызы.

Банк қызметкерлерінің айтуынша, жаңадан жұмысқа алынғандардың қызметін көтеру мүмкіндігі қарастырылған. Қарапайым кеңесшіден көшбасшылыққа дейін жоғарылап,әрі қарай банк ішіндегі қызметтерге ауысу үшін арнайы білім талап етіледі. Бұл процестер 6 ай ішінде жүзеге асады. Сондай-ақ кеңесшілер клиенттерге көшпелі қызмет көрсететіндіктен, өзімен бірге планшеті болуы керек. Ал жалақы мөлшері 50 мың теңгеден басталып, 100 мыңнан асады. 

Қалалық ревмотология орталығына бүгінгі күні республика өңірлерінен және қалалық емханалардан емделушілер келеді. Аталған мекеменің кадр бөлімінің басшысының айтуынша, қазір 5 жұмыс орны бар екен.

«Қазіргі таңда өте қажет болып отырған мамандар, олар - ревматолог-дәрігерлер, мейірбикелер мен санитарлық қызметкерлер. Қазақстанның немесе шет елдің ЖОО медицина мамандығы бойынша бітірген түлектерді дәрігерлік қызметке аламыз. Олар осында жүріп тәжірибе жинақтайды. Ал ЖОО немесе колледжді «Мейірбеке ісі» бойынша  бітірген түлектер мейірбике болып орналаса алады. Санитарлық қызметке орта мектеп бітірген аттестаты бар адамды ала береміз»,-деді Қанатбек Түстекбаев. 

Оның айтуынша, үміткерлерге 3 ай сынақ мерзімі беріліп, сол уақыт ішінде жақсы қырынан танылса, жұмысқа қабылданады. Кейін біліктілігін артыру үшін мамандарды оқуға жібереміз. Арнайы бюджеттің есебінен мейірбикелер де білімін жоғарылата алады.

«Air Astana» әуе компаниясы ұсынған бос жұмыс орындар санында шектеу жоқ. Тіпті компанияда кейбір мамандар үнемі тапшы болады.

«Ағылшын тілін кем дегенде Intermediate деңгейінде меңгерген адам біздің компанияға кедергісіз жұмысқа кіреді. Бізде жүк тиеп, түсірумен айналысатындардан бастап, инженерлік, IT бөліміне мамандар, есепшілер қажет.  Жолсеріктерге үнемі жұмыс табылады. Бос жұмыс орындарының толық тізімі job.airastana.com сайтында тұр»,-деді компания рекрутеры Динара Жанмайылова.

Бұдан өзге, жәрмеңкеге келушілерге  мыңнан аса бос жұмыс орындары ұсынылды.

Соңғы жаңалықтар