Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі 50 мыңнан астам жеңілдетілген қарыз берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2019 жылы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі 527 млрд теңгеге 50 мыңнан астам жеңілдетілген қарыз берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы «Бәйтерек» ұлттық басқару холдингінің Басқарма төрағасының орынбасары Әнуар Омарқожаев айтып берді.

Оның сөзінше, 2019 жылы 108,8 млрд теңгеге жергілікті атқару органдарының құнды қағаздары алынған.

«Бұл қаражат есебінен әкімдіктер Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары мен 7-20-25 бағдарламасының қатысушыларына 10 мың 600 кредиттік баспана салып, пайдалануға берді. Биылғы жоспарымыз 101,2 млрд теңгені құрайды», - деді ол ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникация қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, тұрғын үй құрылыс жинақтар жүйесі бағытында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі 2019 жылы 527 млрд теңгеге 50,3 мың жеңілдетілген қарыз берген.

«Оның ішінде «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 67 млрд теңгеге 8,6 мың қарыз берілді. Бұл қарыздар мемлекеттік бағдарлама қатысушыларына жылдық 5%-бен 20% бастапқы жарнамен 20 жылға берілген. Қазіргі уақытта Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жүйесінде 1,6 млн келісімшарт бар, ондағы жинақ сомасы 806 млрд теңгеге жетті. Бұл банк теңгемен салынған ұзақмерзімді салымдар бойынша бірінші орында тұр», - деді Ә. Омарқожаев.

Бұған дейін Ә. Омарқожаев «Бәйтерек» холдингінде тұрғын үй құрылысы бойынша бірыңғай оператор құрылатынын хабарлаған еді.


Соңғы жаңалықтар