Тұрғын үй кезегіне тұру үшін «жас отбасы» санатын 29 жастан 35 жасқа дейін көтеру мүмкін бе? - Апталық шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы аптада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматыда инновациялық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізді.

Іс-шара алдында Мемлекет басшысы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғылыми кітапханасы базасында ұйымдастырылған инновациялық жобалар көрмесін аралап көрді. Оның барысында отандық экономиканың түрлі салаларындағы бірқатар инновациялық әзірленімдер таныстырылды.

Кеңесті ашқан Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясына сәйкес ғылымды қажетсінетін экономика құрудың маңыздылығына тоқталды.

«Бұл міндет менің соңғы Жолдауымда да қойылып отыр. Инновациялар өнімділік пен еңбек тиімділігін күрт ұлғайтуға алып келуі тиіс. Мемлекет инновацияның өсуін қолдайды. Соңғы 5 жылда бұл саланы қолдау көлемі үш есе өсіп, 50 миллиард теңгеге жетті. Бәлкім, абсолюттік өлшем жөнінен бұл соншалық көп емес болар, бірақ өсім қарқыны біраз нәрсені аңғартады. Ғылыми зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (ҒЗТКЖ) арналған жиынтық шығыстар 49 миллиардтан 74 миллиард теңгеге дейін өсті, соның 30 миллиарды жеке сектор есебінен қаржыландырылды. Патент алу белсенділігі жағынан Қазақстан 141 елдің ішінде 42-орында. Елімізде инновациялық кластерлер қалыптасуда», - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы инноваторларды даярлау мектеп қабырғасынан басталатынын атап өтті. Осы орайда зияткерлік мектептер құрылғанын, оған ең талантты балалар қабылданып жатқандығын атап өтті. Шетелде жұмыс істейтін отандық ғалымдар елге орала бастады, елімізде оларға тиісті жағдай жасалуда.

Қазақстан Президенті инновациялар қазақстандық өнімдердің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыратынына назар аударды.

«Кедендік одаққа қатысушы ел әрі Дүниежүзілік сауда ұйымының болашақ мүшесі ретінде біз үшін бұл маңызды мәнге ие. Мен жастарымызға тағы да айтамын - ғылыммен айналысыңыздар. Мемлекет өз тарапынан инновациялық жұмыстың дамуын жан-жақты қолдайды», - деді Мемлекет басшысы.

Кеңес барысында Инвестиция және даму министрі Әсет Исекешев инновациялық даму саласындағы ахуал туралы баяндады. Оның айтуынша, инновациялық белсенділік үлесі 2009 жылмен салыстырғанда 2 есе ұлғайған және 2014 жылдың қорытындысы бойынша 10 пайызды құрауы тиіс. Бұл көрсеткішті 2020 жылға қарай 20 пайызға, ал ІЖӨ инновациялық өнімдердің үлесін 2,5 пайызға дейін арттыру жоспарланып отыр. Соңғы уақытқа дейін қаралған 3500-ден астам жобаның 577-сі мақұлданып, қолдау тапты.

Білім және ғылым министрі А.Сәрінжіпов өз баяндамасында мемлекеттік қолдаудың маңызы артып келе жатқанын атай отырып, ҒЗТКЖ-ға арналған шығыстар көлемін 2050 жылға қарай ІЖӨ-нің 3 пайызына дейін жеткізу жоспарланып отырғанын айтты.

Жанар-жағармай бағасы төмендейдi

Өтіп бара жатқан бұл аптада Орталық коммуникациялар қызметiндегі брифингте ҚР Энергетика вице-министрi Ұзақбай Қарабалин бензин бағасына байланысты маңызды жаңалықтардың бірін хабарлады. Соңғы кезде сарапшылар әлемде мұнай бағасының құлдырауына байланысты жанар-жағармайдың төмендейтіндігін, осы орайда көлік және әуе көлігінің қызметтері де арзандайтындығы жайында жиі айтып жүр.

«Жанар-жағармайдың бағасы төмендейдi ме? Жауап: иә. Жақында құнын Үкiмет қадағалайтын мұнай өнiмдерiнiң бағасы түседi деп жоспарлануда. АИ-92 бензинi - литрi үшiн 128 теңгеден 115 теңгеге, АИ 80 - бұрынғы деңгейінде, 89 теңге деңгейiнде қалады. Дизель отыны 115 теңгеден 107 теңгеге түспек», - дедi Ұ. Қарабалин.

Белгілі болғандай, Ресей рублiнiң девальвациясы мен мұнай бағасының төмендеуiнен Қазақстанға көп көлемде арзан жанар-жағармай келiп жатыр. 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ресейде Салық маневрi туралы заң күшiне енедi. Онда акциздердiң индексациясы жасалып, мұнай секторындағы салық заңнамасына едәуiр өзгерiстер енгiзiлген. Соның iшiнде мұнайдың экспорттық баж салығын кемiтiп, пайдалы қазбаларды өндiру салығын ұлғайтпақ. «Салық маневрi енгiзiлгеннен кейiн Ресейде жанар-жағармай құны өзгередi. Осы орайда Қазақстан үкiметi алдында iшкi нарықтағы мұнай өнiмдерiнiң бағасын тұрақтандыру бойынша жұмыстарды атқару мiндетi тұр. Сонымен қатар 2015 жылы 1 қаңтардан бастап Қазақстан, Ресей мен Беларусь арасында Еуразиялық экономикалық одақ аясында әрiптестiктi бастайды. Оны да ескеру қажет», - деп атап өттi вице-министр.

Оның айтуынша, қазiргi уақытта iшкi нарықты қамтамасыз ету жұмыстары белсендi жалғасуда. Бүгiнде қорға 230 мың тонна жанар-жағармай сатып алынған.

Айтпақшы, «ҚазМұнайГаз» мұнай бағасының құлдырауына байланысты бюджетін қайта қарауда. «Таңғажайыптар болмайды. Мұнай бағасының құлдырауымен компанияның бюджеті де қысқаратыны түсінікті. «ҚазМұнайГаз» туралы айтар болсақ, біз мұнай бағасын 80 долларға бағалап, бюджетімізді жоспарлаған едік. Ол жоспарды «Самұрық-Қазына» мақұлдаған болатын. Енді біз бюджетімізді одан да төмен, мәселен 50 доллар деген бағамен қайта қарап жатырмыз», - деді компанияның басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев.

Компания сонымен қатар өзінің инвестициялық бағдарламаларын да түзетуде. Дегенмен, инвестициялық бағдарламаларды қысқарту таңдап алу принципі бойынша жүргізіледі. Бір бағдарламалар көбірек, енді бірі азырақ қысқаруы мүмкін. Мәселен, мұнай өндірудің қазіргі көлемдерін реттейтін бағдарламалар неғұрлым аз қысқартуға ұшырайды екен.

Атап айтқанда, биылғы 10 айда «ҚазМұнайГаз» тобы бойынша мұнай мен газ конденсатын өндіру көлемі 18 млн. 599 мың тоннаны құрады. Сондай-ақ, табиғи газды өндіру көлемі 3 868 млн. текше метрді құрап, жыл жоспары бойынша 5 пайыздық өсімді көрсеткен. Мұнайды магистральдік құбырлар арқылы тасымалдау көлемі 51 147 мың тоннаға жетіп, былтырғы көрсеткіштен 3 пайызға азайған. Ал теңіз жолы арқылы тасымалдау көлемі биылғы есептік кезеңге дейін 8 084 мың тоннаны құрап,былтырғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда 9 пайызға артты. Магистральдік газ құбырлары арқылы газды тасымалдау 86 663 млн. текше метрді құрады. Осының ішінде халықаралық транзит 65 485 млн. текше метр, Қазақстанның ішкі нарығын қамтамасыз ету - 11 699 млн. текше метр және экспортқа шығару - 9 479 млн. текшеметрді құраған.

Бұдан бөлек, 2014 жылдың қаңтар-қараша айлары аралығындағы мұнай өңдеу көлемі 12 393 мың тоннаны құрап, былтырғы көрсеткіштен 6 пайызға өсті.

Жаңа тұрғын үй бағдарламасындағы бір шаршы метрдің болжамды бағасы анықталды

Осы аптада ҚР Сенатында «ҚР-ның тұрғын үй қатынастары туралы кейбір заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында Ұлттық экономика вице-министрі Қайырбек Өскенбаев Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында айтқан жаңа тұрғын үй бағдарламасы бойынша бір шаршы метрдің болжамды бағасы анықталғанын мәлім етті.

Оның мәліметінше, Алматы мен Астана қалаларындағы жалға берілетін баспана бағасы қымбатырақ болады. «Жалға беру құны әртүрлі болады. Алматы мен Астанада сәл қымбатырақ болады, өйткені мұнда тұрғын үй бағасы қымбатырақ. Мәселен, біздің есептеуімізше бұл екі қалада баспана сатып алу құны шаршы метріне 200 мың теңге, ал салу құны 185 мың теңге болады. Ал аймақтарда сатып алу 165 мың, салу 150 мың теңгені құрайды», - деді ол. Осылайша Астана мен Алматыдағы ай сайынғы жалдау құны 56 мың теңге төңірегінде болады. «Аймақтар үшін бұл баға 40 мың теңге көлемінде болады. Екі жағдайда да үй жалға алған адамның меншігіне өтеді. Ал меншікке өтпейтін жалға берілетін үйлер тіпті арзан болады» - деді Қ. Өскенбаев.

Бағдарламада сатып алу құқығынсыз жалға алу механизмдері де қарастырылған. «Бізде тізімде тұрған 300 мың тұрғынның 126 мыңнан астамы әлеуметтік аз қамтылған халық санатынан. Біздің есептеуіміз бойынша олар орта есеппен айына 65 мыңдай табыс табады. Ал сол табыстың 40 немесе 56 мыңын баспанаға төлеу тағы да оларды қиындыққа алып келеді. Сондықтан, біз баспананы сатып алу құқығынсыз жалға беру ережесін де енгіземіз. Онда айына коммуналдық төлемдерді есептемегенде шамамен 26-27 мың теңге болады. Бұл екі бөлмелі пәтерге арналған есеп-қисап. Яғни, біз осы критерийді негізге алдық. Бір бөлмелі пәтер бұдан да арзанырақ болады» - деді ол.

Қазақстанда жаңа тұрғын үй бағдарламасы аясында жас отбасылар үшін жалдамалы баспана алу талаптары өзгертіледі. Тұрғын үй кезегіне тұру үшін «жас отбасы» санатын 29 жастан 35 жасқа дейін көтеру көзделуде. «Салынған тұрғын үйдің шамамен 50 пайызы жас отбасыларға беріледі деп жоспарланған. Жас отбасыларға қойылатын жаңа талаптар да бізде қарастырылып жатыр. Егер бүгінде «Тұрғынүйжинақбанкі» бағдарламасы арқылы 29 жас белгіленген болса, қазір біз бұл межені көтеру керек деп есептейміз. Өйткені, қанша дегенмен қазір жастар кеш үйленеді. Осыған байланысты, біз бұл көрсеткішті 35 жасқа дейін көтергіміз келеді», - деді Қ. Өскенбаев Сенатта «ҚР-ның тұрғын үй қатынастары туралы кейбір заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында.

Бағдарлама жоспар бойынша жыл соңына дейін қабылданады. Тұрғын үй құрылысы 2015 жылы басталады. «Желтоқсанның соңына дейін мемлекеттік бағдарлама қабылданып, параметрлері өзгереді деп күтілуде» - деді ол.

Соңғы жаңалықтар