Тұрар Рысқұловтың Сталинге хаты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ХХ ғасырдың 20-30 жылдары қазақ халқының азаттық жолында күрескен зиялы азаматтардың бірі - Тұрар Рысқұлов.

20-шы жылдардың аяқ шенінде ауыл шаруашылығын ұжымдастыру науқанын бастап, зорлық күштеумен қазақ халқын отырықшыландыруға кірісті. Зорлап отырықшыландыру барысында бұрмалаушылық, асыра сілтеушілік орын алып, өрескел қателіктер жіберілді. Ұжымдастыру нәтижесінде Қазақстандағы 40 млн мал саны 4,1 млн-ға дейін кемиді. Елді аштық жайлап, жұқпалы аурулар тарады.

Елдегі қалыптасқан жағдайды, үкімет тарпынан жіберіліп жатқан өрескел қателіктерді айтып Тұрар Рысқұлов И.В.Сталинге, қазақ өлкелік комитеттерінің бірінші хатшысы Л.Мирзоянға бірнеше хат жолдайды. Төменде Тұрар Рысқұловтың Сталинге 1933 жылдың наурызында жазған хатын жариялап отырмыз.

«Қонысынан ауған қазақтар жөнінде Сталин жолдасқа жазған баяндау хатымның көшірмесін хабардар ету үшін осы хатпен бірге сізге жолдап отырмын.

Қонысынан ауған қазақтарды орналастыру жөніндегі ұсыныстардың жобасын әзірлеу үшін РСФСР Халық Комиссарлары Советінің жанынан құрылған комиссияның төрағасы ретінде мен бұл мәселемен жете танысып, қонысынан ауған қазақтарды ВКП (б) Орталық Комитеті тарапынан ерекше нұсқау болмайынша, Қазақстан мен көршілес өлкелерге түгел орналастыру екіталай екенін анықтадым. Сондай-ақ қонысынан ауған қазақтарды орталықтың көмегінсіз Қазақстанның өз ішінде түпкілікті орналастыру Қазақстанның жалғыз өзі үшін, тегінде, қиын болмақ. Сіздің бұл мәселелерді таяу аралықта ВКП (б) Орталық Комитетінің алдына қоятыныңыз өзінен-өзі белгілі. Совет тарапынан да (атап айтқанда, РСФСР Халық Комиссарлары Советі тарапынан) қонысынан ауған қазақтарға көмек көрсету жөнінде дәл қазір дербес шаралар белгілеу ісімен бел¬гілі бір дәрежеде шұғылдануға тура келеді.

Осы мақсатпен мен ВКП (б) Орталық Комитетіне осы баяндау хатты жаздым. Ондағы мақсат - бұл мәселеге басшы жол¬дастардың назарын жете аударып, Қазақстанға көмектесу. Сіз мені Қазақстанның ішкі істеріне қол сұққысы келеді екен деп ойлап қалмаңыз, мен қойылып отырған мәселе тек Қазақстан тұрғысынан ғана емес, сонымен бірге жалпымемлекеттік тұр¬ғыдан да айрықша маңызды болғандықтан, бұл мәселе жөнінде ВКП (б) Орталық Комитетіне жазып отырмын.

Сіз осы баяндау хатпен танысып, онда айтылған ой-пікірлерді ескереді деп үміт етемін.

Коммунистік сәлеммен Т.Рысқұлов

(Ресейдің мемлеттік саяси-әлеуметтік тарихи мұрағаты (РГАСПИ), И. В. Сталиннің құпиясыздандырылған құжаттары, 558-қор, 1-тізбе, 65-іс, 42-парақ)

Қазақтар 1931 жылдың аяқ кезінен бастап қонысынан ауып, бір ауданнан екінші ауданға және Қазақстаннан тыс жерлерге көшіп, көктемге қарай бұл көшу күшейе түскен еді-де, 1932 жылдың жазында қонысынан ауғандардың бір бөлігі (қолданылған шаралар нәтижесінде) мекендеріне қайтып оралған болатын, осы қонысынан ауа көшу қазір қайтадан белең алып барады. Аштық пен індеттің салдарынан бірқатар қазақ аудандарында және қонысынан ауғандар арасында адамдардың қырылып жатқаны сонша, бұл мәселе орталық органдардың шұғыл араласуын қажет етіп отыр. Қазақстанда қазақ халқы¬ның белгілі бір бөлігі душар болған мұндай мүшкіл жағдай өзге өлкелердің не өзге республикалардың ешқайсысында жоқ. Қонысынан ауғандар көршілес өлкелерге және Ташкент, Сібір, Злотоуст теміржолдары бойына өздерімен бірге індет апарып таратуда. Совет жолымен белгіленген (атап айтқанда, РСФСР Халық Комиссарлары Советі тарапынан) ішінара шаралармен мәселе шешілетін емес. Орталық Комитеттің қаулысы бойынша дер кезінде бөлінген азық-түліктің едәуір бөлігі тиісті жеріне жетпеген. Бұл мәселенің маңызы зор болғандықтан, сіздің осы хатпен танысып, аталмыш жайға араласуыңызды, сөйтіп, ажалына аштық жеткелі тұрған көптеген адамдардың өмірін сақтап қалуға көмектесуіңізді өтінемін.

1.Қонысынан ауған қазақтардың саны және олардың жағдайы туралы деректер

Қонысын тастап, Қазақстанмен көршілес өлкелерге көшкен қазақтардың мекенжайларынан келіп түскен, шамамен алынған соңғы деректерге қарағанда, қазір Орта Еділде - 40 мың, Қырғызстанда - 100 мың, Батыс Сібірде - 50 мың, Қарақалпақстанда - 20 мың, Орта Азияда 30 мың қазақ бар. Қонысынан ауғандар Қалмақстанға, Тәжікстанға, Солтүстік өлкеге және басқа да осы сияқты шалғай жерлерге көшіп кетті. Байлар бастаған бір қауым Батыс Қытайға ауды.

...Қазақтардың арасында 1932 жылдан бастап белең алған аштық пен індет - осы қоныстан ауудың және қазақ шаруашылықтарының шаңырағы шайқалуының ең кесапатты зардаптары, жаз айларында бірақ саябырсыған аштық пен індет қазір қайтадан сұрапыл өршіп тұр (отыр). Өткен көктемде қазақ аудандарында ашаршылық пен індет салдарынан адам өлімі өте көп болған еді.

Жергілікті жердің ақпары бойынша, Торғай, Батпаққара өңірінде халықтың 20-30 пайызы қырылып болған, қалғандары көшіп кеткен. Шалқар ауданындағы әлденеше ауылдарда тұрғылықты халықтың 30-35 пайызы қырылып қалған. Осындай аудандар құрамына кіретін, Ақтөбе облысы бойынша 1930 жылға дейін өмір сүріп келген.

1 012 500 адамнан 1932 жылы 725 800-і ғана тірі қалған, бұл - 71 пайыз ғана деген сөз. Қызылорда аудандық атқару комитеті төрағасының деректері ондағы ауыл советтерінде 15-20 пайыз-ақ адам тіршілікте бар екенін айғақтап тұр. Жергілікті ОГПУ мәліметтері бойынша, онда бұрын 60 мың халық тұрған, соның 36 мыңы өліп, 12 мыңы көшіп, енді небәрі 12 мыңдайы ғана қалған.

Аш-арықтар төгілген қоқыстарды, ақтарып, тамақтан өтетіннің бәрін талғажау етіп, жабайы өсімдіктердің тамырларын, ұсақ жәндіктерді жеп күнелтуде. Сол маңдағы ит пен мысық атаулы түгел желінген, қазақтар тұратын қостардың айналасында иттердің, мысықтардың, ұсақ жәндіктердің ақкемік болғанша қайнатылған сүйек-саяқтарынан көз сүрінеді. Өлген кісілердің етін жеген оқиғалар жайында хабар жете бастады.

...1932 жылғы мамыр айында Қарқаралы ауданындағы халықтың саны 50 400 адам болса, содан қараша айының қарсаңында тірі қалғаны - 15 900, ал аудан орталығында күн сайын 15-20 адам өледі.

Әсіресе балалар арасында өлім-жітім көп. Қазақ әйелдері балаларын мекемелер мен үйлердің алдына тастап кетуде. Қазақ органдары 1932 жылдың аяғында-ақ панасыз қалған.

50 мың қазақ баласының ешқайда орналастырылмағаны ресми түрде хабарланды. Қызылордада панасыз балалар саны қаңтар айында 452-ге жеткен. Аягөз стансысында бір қазақ әйелі өзінің екі баласын бірдей пойыздың астына тастаған, ал Семейде қазақ әйелі екі баласын осылай мұз ойығына тастап жіберген.

...Ашыққан қазақтарға жедел көмек көрсетіп, індетке қарсы күресіп қана қоймай, сонымен бірге осы құбылыстың негізгі себептерінің тамырына балта шабатын шараларды жүзеге асыруды да барынша жұмыла қолға алу керек. Ал мұндай себептердің түп-тамыры неде?

2.Мал басының кеміп кетуі

Қазақтардың қонысынан аууы мен шаруашылығының шайқалуына негізгі себептердің бірі - мал басының кеміп кетуі. Мен 1932 жылы 29 қыркүйекте сіз¬дің атыңызға жазған баяндау хатымда Қазақстанда мал басының кеміп кету салдарын егжей-тегжейлі ашып көрсетіп, оны қалпына келтіру шараларына тоқтал¬ған болатынмын. 1932 жылғы, ақпан айын¬да жүргізілген (екінші рет қайта тексерілген) бүкілодақтық мал санағының мәліметтеріне қарағанда, Қазақстанда 1928-1929 жылдардағы 40 млн бас малдан санақ кезінде 5 397 мың бас қана мал қалғаны, яғни мал басының 85,5 пайыз кеміп кеткені анықталды.

...Қазақтардың көпшілігінің - төрттен үш бөлігінің әл-ауқаты мал шаруашылығына негізделген, оның өнімдері Қазақстанның ауыл шаруашылығынан алынатын өнімдерінің 60 пайызын құрайды, тұрғы-лықты халықтың 90 пайызы мал шаруашылығымен айналысатындықтан, бұл мәселе едәуір дәрежеде ұлттық мәселе болып табылады.

...Қазақтардың жерін тартып алуды кәсіпке айналдырған патшалық құрылыс тұсында болған жерге қоныстандыру басқармасының өзі-де көшпелі шаруашылықта бір семьяның қалт-құлт етіп күн көруі үшін ғана кемінде 30 бас малы болуы керек деп есептеген.

3. Асыра сілтеушіліктер мен көз бояушылықтар

... Қазақ шаруашылықтарындағы шын жағдайды анықтау барысындағы көзбояушылық (асыра сілтеушіліктерге жол ашқан себептердің бірі - осы) элементтері неден көрінді? Малдың санын анықтау кезінде қазақ органдарының елдің құм ішінде жасырған малдары бар деген есеппен әрқашан нақты қолда бар малға 50-100 пайыз қосып жазатыны («қазір бізде жер-жерде малды 50-100 пайызға дейін жасыратыны жөнінде деректер бар». Голощекин жолдастың мақаласынан) жұртқа мәлім. Сөйтіп, 1931 жылдың аяғында Қазақстанда 20 млн мал бар деп есептеліп келсе, 1932 жылдың көктеміне қарай Қазақстанда мал саны 10 млн басқа жетеді деп мәлімдеді, ал іс жүзінде, 1932 жылы, ақпанда жүргізілген мал санағы бойынша, өлкеде 5397 мың бас мал ғана болып шықты. Осы тәрізді құбылмалы цифрлар өзге салаларда қаншама және жалпы қазақ халқына қызмет көрсетуде тағы да қандай ірі-ірі кемшіліктер бар деген сұрақ туады. Бұл жайттарды анықтап алудың алдағы жұмыс үшін маңызы зор.

4. Қазақ шаруашылықтарындағы егіс көлемі жөнінде

...1932 жылы бірқатар қазақ аудандарында егіс көлемін есептеу барысында елеулі көзбояушылықтарға жол берілгені қазір анықталып отыр. 1932 жылғы көктемгі егіс науқаны барысында бірқатар колхоздар мен көптеген ауданда тұқым себу нормасы туралы жауырды жаба тоқыған, ақпарлар жасалып, өрескел бұрмалаушылықтарға жол берілген. Сонымен бірге бұл аудандардан осы кезең қарсаңында тұқым қоры аз жиналған және қарызға алын¬ған тұқым көп жерде ел-жұртқа жеткізілмеген. Демек, бұл - егіс жоспарын орындау барысында аудандар тарапынан тағы да көзбояушылыққа жол беріледі және тағы да жұрттың қонысынан ауып, ашаршылыққа ұшырауына се¬беп болады деген сөз.

5. Қазақтарды отырықшыландыру жөнінде

ВКП(б) Орталық Комитетінің 1932 жылғы қыркүйектегі қаулысында «200 мың қазақ шаруашылығын отырықшыландыру жұмыстары жүргізілген» деген тұжырым бар. Ал іс жүзінде отырықшыландырылған шаруашылықтардың саны 100 мыңға да жетпеген. Бірқатар оты-рықшыландыру пункттерінде қазақтар салған үйлерін тастап, қорек іздеп, босып кеткен. Мысалы, Алматы облысында - 2100 үй, Қарағанды облысында - 4100 үй, мақта өсіретін Мақтаарал ауданында 250 үй қаңырап бос қалған.

...Қазақстанда жоспар бойынша, қазақ халқы (3 миллионнан астам адам) 1933 жылы түгел отырықшыландырылуға тиіс еді, мұның өзі жаппай ұжымдастыру негізінде жұртты 400-500 шаруашылықтан шоғырландырып, бір жерге қоныстандыру, олардың басым көпшілігін атамекенінен аударып, орыс үлгісімен поселкелер салып, әлі бос жерлері қайта игеріліп жатқан жаңа қонысқа көшіру арқылы жүзеге асырылмақ (шындыққа мүлде жанаспайтын және қолдан келмейтін жоспар!). 1930, 1931, 1932 жылдары жұмысты осылайша жеделдете жүргізудің салдарынан отырықшыландырылатын аудандарда асыра сілтеушіліктер шектен асты және мал басы күрт кеміп кетті.

6. Қонысынан ауғандар мен қазақ жұмысшылары жөніндегі ұлт саясатының бұрмалануы туралы

Қонысынан ауғандардың беталды көшуін және отырықшы жұрттан арып-ашқан қазақтардың мал, азық-түлік ұрлауы¬ның етек алғанын пайдаланып, дұшпан элементтер ушықтырған ұлттық шовинизм өрши түсті.

7. Орталық Комитеттің 1932 жылғы 17 қыркүйектегі «Қазақстанның ауыл шаруашылығы және атап айтқанда, мал шаруашылығы туралы» шешімін жүзеге асыру

Бұл аса маңызды шешімді жүзеге асыру барысында сырғытпаға салыну байқалып отыр. ...Тұрғылықты халықтың жеке шаруашылықтарында 8-10 басқа дейін ірі қара және 100 тұяққа дейін қой ұстамақ түгіл (Орталық Комитеттің 17 қыркүйектегі шешімінде осылай деп көрсетілген), көшпелі және жартылай көшпелі шаруашылықтардың көпшілігінде тіпті бір-бірден сиыр, екі-үштен ұсақ мал ұстауға да мүмкіндік бермейді, ал бұл аудандарда ең болмағанда осындай аз ғана мал ұстамайынша, күн көрудің өзі қиын. Қазақтардың екі жылдан бері қоныстарынан ауып, олардың арасында аштық пен індеттің тыйылмауының негізгі себептері, міне, осындай.

Ұсыныстар

1.Қазақтар қонысынан ауып барған өлкелер мен республикалардың өлкелік комитеттері мен облыстық комитеттеріне қазақтарды қайтадан Қазақстанға қайтарып жібермей, өнеркәсіп орындары салалары бойынша және сол өлкелер көлеміндегі ауыл шаруашылығына жұмысқа орналастыру (сондай-ақ бірінші кезекте балаларды қамқорлыққа алу) жөнінде ВКП(б) Орталық Комитеті тарапынан шұ¬ғыл нұсқау берген жөн...

2.Қазақстан өлкелік партия комитетіне қазақтардың қонысынан ауып, Қазақ¬стан¬нан тыс жерлерге көшуін тоқтату шара¬ла¬рын қолға алу ұсынылсын, бұл үшін мал дайындау жөніндегі комитетке қалған 400 мың пұт астықты (рұқсат етілген 1 млн пұт астықтың есебінен) наурыз айында беріп бітуді міндеттей отырып, жәрдемге бөлінген азық-түлік қорын халыққа жедел жеткізіп, қонысынан ауғандар мен ашыққандарға жәрдем беруді ұйымдастыруды қолма-қол өрістеткен дұрыс...

3.Үстіміздегі жылға бөлінген қаржыны тек қана қонысынан ауғандарды орналастыруға, сондай-ақ оларды өнеркәсіптік және басқа да кәсіпорындардың төңірегіне қоныстандыру шараларына жұмсауға мүмкіндік беретіндей етіп, қазақтарды отырықшыландыру жоспарын қайта қараған жөн...

4.Қазақстан өлкелік партия комитетіне қонысынан ауған қазақтарды одан әрі орналастыру жөніндегі шаралардың белгіленген жоспарын бір ай мерзім ішінде Орталық Комитетке тапсыру міндеттелсін, сондай-ақ осы мерзім ішінде Қазақстанда мал шаруашылығын өркендетудің жоспарын жасап, табыс ету.

5.ССРО Халық шаруашылығы есебінің орталық басқармасына үстіміздегі жылы негізгі қазақ аудандарында халық санағын өткізу және ондағы шаруашылықтардың жай-күйін сараптау, сонымен бірге егін шығымдылығын анықтау жөніндегі комиссиямен бірлесе отырып, көктемгі егіс аяқталғаннан кейін осы аудандардағы егіс алқабының есебін алу ұсынылсын.

Т.Рысқұлов

(Ресейдің мемлекеттік саяси-әлеуметтік тарихи мұрағаты (РГАСПИ), И. В. Сталиннің құпиясыздандырылған құжаттары, 258-қор, 1-тізбе, 65-іс, 42-52 парақтар; «Қазақстан коммунисі», 1990, № 7, 44-65 беттер).

Соңғы жаңалықтар