Тұрар Рысқұлов - 125: Шымкентте халықаралық ғылыми конференция өтті

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкенттегі М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың 125 жылдығына арналған халықаралық ғылыми конференция өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған «Қазақ елінің ұмытылмас тұлғалары» атты конференцияда атақты ғалым, қоғам және мемлекет қайраткерінің өмірі мен саяси қызметі, республиканың әлеуметтік-экономикалық жағдайын қалыптастыру және дамыту барысындағы еңбектері таныстырылды.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларын іске асыру мақсатында ұйымдастырылған шара Шымкенттегі Тұрар Рысқұловтың ескерткішіне гүл шоғын қоюдан басталды. Салтанатты шараға елімізбен қатар алыс-жақын шет мемлекеттерден ғалымдар мен тарихшылар, ел дамуына үлес қосқан мәртебелі меймандар қатысты. Сондай-ақ, конференцияға ұлы тұлғаның мәскеулік немересі Владимир Рысқұлов пен Алматы қаласы мен Түлкібас ауданында тұратын ұрпақтары қатысты.

Жиында сөз алған ғалымдар Тұрар Рысқұловтың қысқа ғана ғұмыры мен жарық жұлдыздай жарқын өмірін, Тәуелсіз Қазақстанға қалдырған баға жетпес байлығын, нағыз патриотизм мен болашақ ұрпақ үшін жанқиярлық күрестің үлгісі болған азаматтығын баяндады. Қазақстанның дамуымен қатар Орталық Азия республикаларының, Ресей Федерациясының және Моңғолияның экономикалық өсуіне, қарыштап дамуына үлкен үлес қосқанын атап өтті.

«Ғылыми конференцияның мақсаты – Тұрар Рысқұловтың бейнесіне тағы да бір тоқталу болды. Оның бастамасымен елімізде Түркістан-Сібір яғни Түркісіб теміржолы салынған. Сондай-ақ қуатты өндірістік орталықтар Қарағанды қаласының көмір өндіру және металлургия кешені, Шығыс және Оңтүстік Қазақстанның түсті металлургиясы, Батыс Қазақстанның мұнай-газ саласы өндіріске енгізілді. Қазақстан мен Орта Азия аумағында бүкілодақтық маңызы бар ірі ұлттық қорықтар ұйымдастырылды»,- дейді ОҚМУ ректоры Дария Қожамжарова.

Соңғы жаңалықтар