Тұран жолбарысы мен құлан Қызыл кітапқа қайта енуі мүмкін

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ даласының ежелгі мекендеушілері, жер бетінен жойылып кеткен Тұран жолбарысы мен жойылу қаупі алдында тұрған құлан (Пржевальский жылқысы) Қазақстанның Қызыл кітабына қайта енуі мүмкін, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында QazaqGeography «Биоалуантүрлік» тақырыптық кеңесінің вице-президенті, Қазақстан биоалуантүрлікті сақтау қауымдастығының директорының орынбасары Сергей Скляренко мәлім етті.

«Тұран жолбарысын Қызыл кітапқа енгізу бойынша едәуір жұмыстар жүргізілді. Мұның қажеті неде десеңіз, мемлекет сирек немесе жоғалып кету қаупі бар түрлерді қалпына келтіруге қаражат жұмсай алады. Бірақ, дәл қазіргі уақытта жолбарыс та, Пржевальский жылқысы (құлан) да Қызыл кітап тізімінде жоқ. Яғни, бұл түрлер жерімізден жоғалып кеткен және олармен жұмыс істеуге, мемлекеттің қаржысын құюға еш негіз жоқ, - деп атап өтті Сергей Скляренко.  - Осыған байланысты серіктестеріміз «Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы» РҚБ, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетімен бірлесіп, жойылып кеткен түрлерді Қазақстанның Қызыл кітабына енгізу жөнінде Қазақстан Республикасының «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» заңына түзетулер әзірленді».

Сергей Скляренконың айтуынша, құрамында ауқымды заңдар жиынтығы бар бұл тұжырымдамалар Парламент Мәжілісіне өтті. Сәйкес түзетулері бар заң қазіргі уақытта ҚР Парламентінің Сенатында жатыр. Осыдан кейін ғана Ауыл шаруашылығы министрлігі заңға тәуелді нормативті актілерге сәйкес түзетулер енгізе алады. Сондай-ақ, бұл түрлер Қызыл кітапқа, яғни сирек немесе жоғалып кету қаупі бар түрлер тізіміне енген соң, халықаралық донорлардың қаражатын Қазақстанға тартуға жол ашылады. Себебі, Жолбарыс пен Пржевальский жылқысын қалпына келтіруге халықаралық инвестиция тартудың басты шарты - оларды аталған тізімге енгізу.

Сонымен бірге, Ұлттық географиялық қоғам өкілі Пржевальский жылқысын (құлан) Қазақстанға қайта жерсіндіруге дайындық жұмыстарын жүргізіп жатқандарын, Орталық Қазақстанда жерсіндіру орталығы құрылатынын хабарлады.

«Бұл бір кездері еліміздің аумағында өмір сүрген жылқылардың тамаша түрі.  Қазір оларды қалпына келтіру жұмыстары қолға алынып, арнайы бағдарлама әзірленді. Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығымен бірлесіп, Орталық Қазақстанда қайта жерсіндіру орталығын құру бойынша және Алтынемел ұлттық паркінде көбейіп келе жатқан онға жуық Пржевальский жылқыларының популяциясы бойынша дайындық жұмыстары жүргізілді»,  - деді С.Скляренко. 

Айта кетейік, бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде «Қазақ ұлттық географиялық қоғамы» (QazaqGeography) республикалық қоғамдық бірлестігінің брифингі өтті. Онда қоғамдық бірлестіктің өткен жылы атқарған жұмыстары қорытындыланып, 2017 жылға арналған жоспары жарияланды.

Соңғы жаңалықтар