Тұран даласы: Түркістанның брендін насихаттауға арналған байқау өтіп жатыр

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысының мәдениет басқармасы «Тұран даласы» атты бейнефильмдер байқауын жариялаған болатын. Оңтүстік өлкенің тұмса табиғаты мен тұнған сырларын әлеуметке танытуға арналған сайыс 1-25 қараша аралығында өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өз өңірінің дамуына бейжай қарамайтын жандардың туындысы креативті идеясы мен сценарий мазмұнына қарай бағаланады.

Шығармашылық байқау Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Туған жер» жобасының іске асырылуына бағытталған.

Негізгі мақсат - Түркістан облысындағы аудан-қалалардың тарихын зерттеу, тарихи-мәдени және киелі орындарды дәріптеу.

Ең бастысы - әр елдімекеннің брендін қалыптастыруға үлес қосып, оны насихаттау.

Бейнефильмдер сайысына облыс көлеміндегі аудан-қалалардан 15 қатысушы өтінім беріп, 17 туынды ұсынылған.

Бейнефильмдер қазіргі таңда облыстық мәдениет басқармасының әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында жарияланып жатыр.

Байқауға елімізге белгілі кинорежиссер, сценарист және актер Ақан Сатаев, режиссер, продюсерлер Олжас Ермекбаев пен Мейіржан Алиакбаров қазылық етеді.

Жеңімпаздар үміткерлердің жұмысы толық жарияланып болған соң анықталады. Бейнефильмдердің қаралым саны мен көрермендер тарапынан берілген бағасы, сын-пікірлері де ескеріледі.

Бас жүлде иегеріне - 700 мың теңге, I орынға – 500 мың теңге, II орынға – 300 мың теңге (екі адам), III орынға - 200 мың теңге (үш адам).

5 қатысушыға 100 мың теңгеден ынталандыру сыйлығы мен диплом табысталады.


Соңғы жаңалықтар