Тұрақтылықтың мәні мен маңызын Украинаның қазіргі ахуалынан байқауға әбден болады - Н.Назарбаев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Тұрақтылықтың мәні мен маңызын Украинаның қазіргі ахуалынан байқауға әбден болады. Бүгін Ақордада өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді.

«Құрметті халқым, қазақстандықтар, тұрақтылық пен бейбітшілік, біздің ең басты құндылығымыз екенін мен тәуеліздіктің бірінші күнінен бастап айтып келемін. Біз бірлікті бағалай білген, татулықты тәу еткен халықпыз. Жаманнан жерініп, жақсыдан үйренген елміз. Соның нәтижесінде бүгінгі Қазақстан жаңа Қазақстан болып қалыптасып, дүниежүзінде үлкен дәрежеге ие болып отыр. Бірлікті елдің биігін өзгелер біздің жетістіктерімізге қарап біледі. Бірліксіз жұрттың жағдайын біз басқалардан көріп отырмыз. Тұрақтылықтың мәні мен маңызын Украинаның қазіргі ахуалынан байқауға әбден болады», - деді Елбасы.

Мемлекет басшысы соңғы жылдары бұл елде адамдар еңбек етуді ұмытып, жұрттың барлығы жаппай берекесіздікке бой ұрып, наразылық шеруі сәнге айналғанын баса айтты.

«Адамдар митингке күнделікті жұмысқа шығатындай болып келетін болды. Оның неге әкеп соққан өздеріңіз де білесіздер. Ондай тәртіпсіздік қайда апарып соқтырғаны бізге белгілі болып отыр, төңірегіміздегі тәжірибе де жеткілікті. Ел ішінен жау іздеп, бірін-бірі кемсіту ешқашан да ешбір мемлекетті жақсылыққа апармайды», - деді Н.Назарбаев.

ҚР Президенті кезінде одақтас республикалардың ішіндегі ең қуатты елдердің бірі болып келген Украина қазір соғыс өртіне айналған, 1 елдің азаматтары бір-біріне оқ атып, күн сайын бейбіт тұрғындардың қаны төгіліп жатқанын атап өтті.

«Мемлекеттің дамуы, Украинаның дамуы ондаған жылға артқа қарай кетті. Қазынасы қаңырап, өндірістері тоқтап қалды. Жүздеген әлеуметтік нысан іске алғысыз болып, қиратылды. Тұралаған экономиканы қайта қалпына келтіруге ондаған жылдар керек», - деді Елбасы.

Соңғы жаңалықтар