Тұрақтандыру қорларындағы азық-түлік тауарларының көлемі қанша

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров тұрақтандыру қорларындағы әлеуметтік-маңызы бар азық-түлік тауарларының көлеміне қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қорларды бағалау жолымен өңірлердің азық-түлікпен қамтамасыз етілуіне мониторинг жүргізілуде. Азық-түлік тауарларының 16 түрі бойынша Үкіметтің резервтері қалыптастырылған. Бұл мақсаттарға 16,7 млрд теңге бөлінді, ол 43,5 мың тонна азық-түлік сатып алуға мүмкіндік берді. Сонымен бірге, әкімдіктердің жедел деректері бойынша қазір республикада жалпы көлемі 619,2 мың тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауары мен 318,6 млн жұмыртқа қоры бар», - деді министр Үкімет отырысында.

Сонымен қатар С. Омаров тұрақтандыру қорларының қызметіне тоқтала келе, осы жылдың басынан бастап осы қорлардан 38,3 мың тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары өткізілгенін жеткізді. Бұл ретте тұрақтандыру қорларына 38,2 мың тонна азық-түлік, оның ішінде 21,2 мың тонна ұн, 6,5 мың тонна қант, 3,1 мың тонна картоп, 2 мың тонна макарон, 1,7 мың тонна күріш, 700 тонна қарақұмық жармасы және басқа да азық-түлік түрлері сатып алынды.

«Қазіргі кезде тұрақтандыру қорларында 27,7 мың тонна әлеуметтік-маңызы бар азық-түлік тауарлары, оның ішінде 12,5 мың тонна ұн, 7,9 мың тонна қант, 1,7 мың тонна макарон, 1,4 мың тонна күріш, 1,3 мың тонна өсімдік майы және азық-түліктің басқа да түрлері сақталуда. Бұдан басқа, 21 мың тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын, оның ішінде 9,1 мың тонна картоп, 3 мың тонна пияз, 2,5 мың тонна сәбіз, 2 мың тонна қант және басқа да тауарлар түрлерін жеткізуге форвардтық шарттар жасалды», - деп нақтылады ведомство басшысы.

«Егін жинау кезеңінің басталғанын және әлеуметтік маңызы бар көпшілік азық-түлік тауарлары бағасының қолайлы болатынын ескере отырып, өңірлердің әкімдіктері тұрақтандыру қорларын қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізулері қажет» - деді Сапархан Омаров.


Соңғы жаңалықтар