Тунистің бірнеше өңіріне жаппай тәртіпсіздікпен күресу үшін әскер жіберілді

None
None
ТУНИС. ҚазАқпарат – Тунис билігі ұлттық әскер бөлімшелерін жексенбі күні кешке елдің бірнеше провинцияларына мемлекеттік мекемелерді қорғау және тәртіпсіздікпен күресу үшін жіберді. Бұл туралы Mosaique fm радиостанциясына берген сұхбатында Тунис Республикасы Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Мохамед Зекри мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі уақытта әскер бөлімшелері Сильяна, Кассерин, Бизерт және Сус провинцияларында қоғамдық тәртіпті күзетеді»,- деп атап өтті Қорғаныс министрлігінің өкілі.

Жексенбіде 16:00-де коменданттық сағат басталғаннан кейін Тунистің кейбір провинцияларында тәртіпсіздік қайта басталған. Күн сайын Тунисте тәртіпке бағынбау әрекеттері орын алуда. Наразылыққа қатысушылар баррикадалар тұрғызып, автокөлік дөңгелектерін өртеп, жолдарды жауып, билікке қарсы ұрандар айтып, өз әрекеттерін аштық төңкеріс деп атауда.

Сонымен қатар, қауіпсіздік қызметкерлерінің айтуынша, жасы 25-тен аспайтын жастар тобы дүкендердің терезелерін, көшеде тұрған көліктерді қиратқан, сондай-ақ мемлекеттік мекемелер мен қаржы ұйымдарын тонаған.

Сенбіден жексенбіге қараған түні республиканың әртүрлі аймақтарында болған тәртіпсіздіктерге қатысқаны үшін құқық қорғау органдары 242 адамды қамауға алды.


Соңғы жаңалықтар