Тунисте жаңа конституция жобасы бойынша референдум өтіп жатыр

None
None
ТУНИС. ҚазАқпарат – Дүйсенбіде тунистіктер ел президенті Кайс Сайед ұсынған жаңа конституцияны қабылдауға дауыс бере бастады. Оған сәйкес, елдегі атқарушы билік өкілеттіктері кеңейіп, заң шығарушы және сот органдарының өкілеттігі азаяды. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі The National News-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Дауыс беру жергілікті уақытпен сағат 06:00-де Солтүстік Африка мемлекетінің аумағында орналасқан 11 мың сайлау учаскесінде басталды. Плебисцит 22:00-ге дейін жалғасады, содан кейін сайлау комиссиясының мүшелері дауыстарды санауға кіріседі.

Референдум Тунис президенті К.Сайед үкіметті отставкаға жіберіп, Парламенттің жұмысын тоқтатқаннан кейін бір жыл өткен соң өтіп жатыр. Осылайша ол ел билігін өз қолына алып отыр.

«Біз Тунис Республикасы жарияланған күні жаңа республика құрмақшымыз», - деді президент референдумда дауыс берген соң.

25 шілде – Тунис Республикасының күні. 1957 жылы тунис халқы елдегі монархияны жоюға дауыс беріп, алғаш республика негізі қаланған күн.

Тунистің 12 миллион тұрғынының 9,5 миллионға жуық азаматы референдумға қатысу үшін тіркелді, деп хабарлайды AlJazeera Тунис сайлау комиссиясының (ISIE) мәліметтеріне сілтеме жасап.


Фото: thenationalnews.com



Соңғы жаңалықтар