Тұңғыш Президент тұлғасы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, шілденің алтысы - елорда күні мерекесімен қатар Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 80 жылдық мерейтойы.

Жалпы, қалалардың да адамдар сияқты өз тағдыры болады. Ал, ел астанасын тек мемлекет басшылары ғана құрмайды, астана да ел басшылығын қалыптастырады. Өйткені, сырт көз мейман астанасына қарап елін таниды. Осыдан да, астана келбеті – ұлт келбеті дейміз. Бұрынғы астанамыз Алматы – біздің тәуелсіздігіміздің алтын бесігі болса, қазіргі Нұр–Сұлтан қаласы мемлекеттігіміздің алтын діңгегіне айналды. Қазір біз Есілдің жағасында дамуымыздың бейнесіндей болған еңселі Елорда қондырдық. Сарыарқаның сайын даласына сәулеті мен дәулеті келіскен Астана салдық. Сөйтіп үмітімізді үкілеп, болашақты бетке алдық.

Осы тұста 80 жылдық мерейтойлық жасқа толған Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі жазған мына бір жыр жолдары өткенге тағзым, келешеке салауаттай көрінеді.

Отан – Ана!

От бердің жүрегіме,

Риза болып қараймын гүл - өңіңе.

Бабаларым сомдаған бағзы бейнең

Тәуелсіз боп түрленді. Түледі де!

Менде қандай арман бар,

Асыл Ана, Жарай алсам, халқымның тірегіне?!

Бұл Нұрсұлтан Назарбаевтың қазіргі жастарға берген батасы мен айтқан ақылындай. Бақытты өмір туған жерде, оны басқа жерден іздемеңдер деген.

Қазіргі Қазақстанның негізін сал­ған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы На­зарбаевтың тұлғасы мен бірегей бол­мысына отандық ғалымдар да, ше­тел­дік зерттеушілер де әу бастан зор қызығушылық танытып, айрықша кө­ңіл аударып келе жатқаны мәлім. Осы орайда, Тұңғыш Президент тұлғасының тұтас ауқымы мен тереңдігіне оның Мемлекет басшысы ретінде қалыптасуына ықпал еткен түрлі факторларды өзара байланыста қарастырып, еліміздің игілігі жолындағы жасампаз қызметінің барысында жарқырай көрінген көшбасшылық қасиеттеріне лайықты талдау жүргізу арқылы ғана толыққанды баға беруге болатынын айрықша атап өткіміз келеді.

Қазақстан Республикасының ПрезидентіҚасым-Жомарт ТоқаевЕлбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев туралы «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Тарихи тұлға тағылымы» атты мақаласында былай деген еді: «Нұрсұлтан Назарбаевтың бар ғұмыры тәуелсіздіктің елең-алаңынан бастап бүгінге дейін Қазақ мемлекетін нығайту ісімен біте қайнасып келеді. Шетелдіктер оны заманауи Қазақстанның негізін қалаушы және көшбасшысы ретінде жақсы біледі, сыйлайды. Тұңғыш Президентіміздің мемлекет қайраткері ретіндегі қарым-қабілеті талассыз мойындалған. Мен Елба­сымыз бен шетелдіктер арасындағы көптеген халықаралық кездесулер мен келіссөздердің куәсі болғандықтан, осыны зор жауапкершілікпен айтуға хақым бар деп ойлаймын. Ол – шын мәнінде жаһан жұртына кең танымал, халықаралық қауымдастықта айрықша беделді, әлемдік деңгейдегі саясат сардары. Елбасы бұл биікке қажырлы еңбегімен, парасат-пайы­мымен, маңдай терімен жетті.Ендеше, біз өскелең ұрпақты барша жұрт мақтан тұтатын тарихи тұлғаның тағылымы арқылы тәрбиелеуіміз керек», - делінген.

Бүркіт Аяған,

Тарих ғылымдарының докторы, профессор:

ХХ ғасырдағы 80-жылдардың аяғында – 90-жылдардың басында қоғамда болып жатқан саяси үдерістер таңқаларлық қарқын алды. Қайта құру толқыны туа біткен талант, интеллект, түйсік, жігерлі мінез, үлкен табандылық сияқты қасиеттерді бойына сіңірген Нұрсұлтан Назарбаевты алдыңғы шепке итермеледі. Шарль де Голль сөзімен айтқанда, Нұрсұлтан Назарбаев «іс-әрекет иесі» болып табылады. 1990 жылдардағы оқиғаларын талдау көрсеткендей, КСРО ыдырауы кезеңінде екі бағыт айқын көрінді. Кейбір республикалардың көшбасшылары кеңес қоғамының догмалары басым «консервативті» жолды таңдады - бір партиялы жүйені сақтау, толыққанды нарықтың болмауы және т.б. Н.Ә. Назарбаев көппартиялықтың дамуы, жеке тұлғаның құқықтарын құрметтеу, нарықтың дамуы арқылы жүретін реформалар жолын таңдады. Бұл шаралар республикаға экономикада ауқымды және терең өзгерістер жүргізуге және рынокты халық тұтынатын өнімдермен және басқа да тауарлармен толықтыру сияқты маңызды міндеттерді шешуге мүмкіндік берді.

КОКП-ның монополиялық билігі қиратылды, Қазақстанда шынайы парламентаризм пайда болды. Тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдары бостандыққа ие болды. Білім және мәдениет саласында түбегейлі өзгерістер жүріп жатты. Адамдар баламалы білім беру орталықтарында: жеке мектептерде, жоғары оқу орындарында оқуға мүмкіндік алды, жеке медициналық орталықтар жұмыс істей бастады. 1993 жылы Қазақстан Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясы тағайындалып, мыңдаған жас қазақстандықтар әлемнің таңдаулы университеттерінде білім алуға мүмкіндік алды.

Қуғын-сүргінге ұшырап, заңсыз жазаланған саяси қайраткерлер мен мәдениет өкілдері ақталды. Көрнекті қайраткерлердің есімдері қалалар мен көшелерге берілді. Қазақстан қоғамының әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша мемлекеттік бағдарламалар қабылданды:

«Бизнестің жол картасы 2020» атты бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы;

Жұмыспен қамту 2020 жол картасы;

Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы;

2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық мемлекеттік бағдарламасы;

«Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасы;

2015-2019 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының индустриалды-инновациялық дамуының мемлекеттік бағдарламасы;

«Ақпараттық Қазақстан – 2020» мемлекеттік бағдарламасы;

Діни экстремизм мен терроризмге қарсы күрес жөніндегі мемлекеттік бағдарлама;

Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың мемлекеттік бағдарламасы.

2017 жылы қазақ тілінің латын графикасына көшу туралы шешім қабылданды.

Әмірхан Рахымжанов,

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы

кітапханасының директоры, саяси ғылымдар докторы, профессор:

Алтыншы шілде күні қазақстандықтар мемлекеттік мереке – Астана күнін атап өтеді. Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласының ресми жылнамасы 1998 жылы басталғанымен, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сол кезеңдегі экономикалық дағдарысқа қарамай астананы ауыстыру идеясын ұсынуын 1990-жылдардан бастап посткеңестік кеңістік пен елімізде болған саяси оқиғалардан бөліп жаруға болмайды дер едік. Сондай-ақ, Алматыдан Сарыарқаның Қараөткеліне ұлы көштің басы 1997 жылдың желтоқсанында қонғанымен, ел астанасын ауыстыру туралы ойдың Елбасымыздың көкейінде егемендік алған кезден бастап туындағанын оның «Тәуелсіздік дәуірі» кітабындағы «... Мемлекет жүрегі оның астанасында соғады. Бұл – бұлжымайтын ақиқат. Жас мемлекетке міндетті түрде жаңа, заманауи астана қажет екенін тәуелсіздіктің бірінші күнінен-ақ ойладым. Осы ойымның дұрыстығына нық сенімді едім. 1992 жылдың өзінде-ақ Ақмолаға жұмыс сапарымен келгенде, астананы осында ауыстыру туралы ойға келдім», - деген сөздерінен білуге болады.

Сонау 1997 жылдың желтоқсанында Елбасы бастаған ұлы көштің Алатаудың баурайынан Сарыарқаның Қараөткеліне қонуы тәуелсіздігімізді қорғау ғана емес, Мәңгілік елдің берік қағылған алғашқы қазығы болғандығының дәлелі - осы жылдары жүзеге асырылған саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардың нәтижесінде қол жеткен Қазақстанның жетістіктері. Осы арада, тәуелсіздік жылдары Тұңғыш Президенттің жасампаз идеяларының қолдаушысы да, жүзеге асырушысы да болған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мына сөздерін келтіргіміз келеді: «... Жаңа астананы салу шешімін Нұрсұлтан Назарбаев жас мемлекетіміздің іргесін қалаудың күрделі кезеңінде жариялағанын ұмытуға болмайды. Қазақстан ол шақта ескі мен жаңаның арасындағы алмағайып сәтте, аса қиын әлеументтік-экономикалық және сыртқы саяси жағдайда өркениетті нарыққа, ағартушылық демократияға бет бұрған еді. Сондықтан да Н.Назарбаевқа, тіпті кейбір үзеңгілес серіктерінің өзі сене бермеген осынау өршіл жобаның бастамашысы болып, оны жүзеге асыру жауапкершілігін өз иығына артуына тура келді. Елінің стратегиялық мүдделерін кең ауқымда көре білетін, қайтпас қайратты нағыз көшбасшы ғана өзге орындаушылардан ерекшеленеді».

Әлемдік ғылыми ортада қалыптасқан пікірлерді сараласақ, астаналарды ауыстыру – мемлекеттердің саяси және әлеуметтік өміріне терең де көпқырлы ықпал ететін адамзат тарихындағы аса ірі мегаинженерлік жобалар. Алдыңғы қатарлы саясаттанушы, экономист, футуролог ғалымдардан бастап шетелдік мемлекет басшылары тарапынан бұрыңғы Кеңес одағы мемлекеттерінің ішінде дараланып, астананы ауыстыруды табысты жүзеге асырған Қазақстан тәжірибесі, Елбасы қабылдаған стратегиялық шешімдер қазірдің өзінде қызығушылық туғызып, зерделенуде екендігін атап өткіміз келеді.

1997 жылдың 10 желтоқсаны, сәрсенбінің сәтінде Президент, Парламент пен Үкімет жаңа астанада жұмыстарына кірісті. Сол күні Ақмолада Елбасының төрағалық етуімен Парламент палатасы мен Үкіметтің бірлескен отырысы өтіп, астананы көшіру өз мәресіне жеткен саяси оқиға екені айтылды. Тұңғыш Президент Қазақстан халқына арнаған үндеуінде: «Бүгін біз, Қазақстан Республикасының жоғарғы билік органдары, Ақмола қаласының 1997 жылғы желтоқсанның 10-ынан бастап мемлекетіміздің астанасы екені жөнінде салтанатты түрде мәлімдейміз. Бұдан былай және ғасырдан-ғасырға осында – ұлан-байтақ елдің кіндігінде халық тағдыры үшін өмірлік маңызы бар шешімдер қабылданатын болады. Отанымыздың жүрегі енді осы жерде соғады. Осы жерден Қазақстан үшінші мыңжылдықтың табалдырығында өзінің тарихи тағдырын айқындайтын болады», – деген еді.Көп ұзамай-ақ жаңа астанаға заман талабына сай жаңаша ойлайтын, ұйымдасып, тез, жанын салып жұмыс істей алатын білікті мамандар жеделдетіп келе бастады.

Осы арада, Нұрсұлтан Назарбаевты өзінің саяси ұстазы тұтатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа елордамыздың бой көтеруіне Тұңғыш Президентіміздің сіңірген еңбегі ерекше. Астананың құрылысы Елбасының тарихи ерлігі саналады. Бас қаламыз Тəуелсіз еліміздің шынайы бетбейнесіне, халқымыздың мақтанышына айналды. Елорда жаңа мемлекеттің идеологиясы ретінде киелі ұғымға ие болды. Астанамыз, шын мəнінде, өткеннің құндылықтарын дəріптей отырып, күллі əлемге Қазақстанның жаңа бейнесін паш етті», - деген сөзін келтіргіміз келеді.

Осыдан түйер ой, заманынан озып туған Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың прогрессивті ойлау қабілетінің жоғарылығынан туған астананы ауыстыру жасампаздық идеясы - талай әділетсіздікті көрген қазақ деген ұлттың өз мемлекетінің астанасын ешкімге жалтақтамай таңдай алатындығын дәлелдеп қана қоймай, Қазақстанды жаңа тәуелсіз, бейбіт мемлекет ретінде әлемге танытуда зор рөл атқарды. Болашақта да ұлтаралық татулық пен дінаралық келісімнің, бейбітшілік пен береке-бірліктің қаласы Нұр-Сұлтан жарқырай жайнап, Отанымыздың жүрегі, Тәуелсіздігіміздің тірегі ретінде жасай берері сөзсіз.


Соңғы жаңалықтар