Тұңғыш Президент күні мен Тәуелсіздік тойын Жаңа жылдың көлеңкесінде қалдырмайық - Хангелді Әбжан

None
None
АСТАНА.ҚазАқпарат - ҚР Тұңғыш Президенті күні мен Тәуелсіздік мейрамы - мемлекеттігімізді айқындай түсетін басты мерекелер және мұндай атаулы күндер Жаңа жылдың көлеңкесінде қалмауы тиіс, дейді ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Хангелді Әбжанов.

Тарихшы Алматыдағы Фурманов көшесінің Назарбаев даңғылына ауыстырылуы жөнінде пікір білдірді және Президент күнін тойлаудың әлемдік тәжірибеде бар екенін атап өтті.

«Алматыдағы әсем көшеге Тұңғыш Елбасының есімі берілуін құптаймын. Мұны Тәуелсіздігімізді ұлықтағанымыз, коммунистік режим идеясынан арылып, өз тарихымызға оралғанымыз деп түсінемін. Тұңғыш Президент күніне келсек, мұндай мереке Америкада және басқа елдерде бар. Демек, біз әлемдік өркениеттің дұрыс жақтарын қабылдап жатырмыз», - деді Хангелді Әбжанов.

Сондай-ақ, академик ҚР Тұңғыш Президент күнінің ұлттық патриотизмді өсіру үшін, ұлттық сананы қалыптастыру үшін  ауадай қажет мереке екенін баса айтты.

«Тұңғыш Президент күні мен 16 желтоқсандағы Тәуелсіздік мерекесінің жігін ажыратпастан, бір идеяның, бір идеологияның мейрамдары ретінде тойлауымыз керек. Тәуелсіздік күні болмаса, Президент күні болмас еді, Президент күнін атап өту арқылы Тәуелсіздігіміздің құндылығын, өзектілігін арттыра түсеміз. Бұл мерекелерді Жаңа жылдың көлеңкесінде қалдырмауымыз керек», - деп өз сөзін түйіндеді Х.Әбжанов.

Еске сала кетсек, 2011 жылдың 10 желтоқсанында Қазақстан Республикасының Парламент Сенаты депутаттарының бастамасымен «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» ҚР Заңына толықтыру енгізу туралы» ҚР Заңы қабылданған болатын. Яғни, дәл сол уақытта 1 желтоқсанды Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні етіп белгіледі.

1991 жылы 1 желтоқсанда ел тарихындағы тұңғыш жалпыхалықтық сайлауда Нұрсұлтан Назарбаевқа халықтың 98,78 пайызы дауыс беріп, Мемлекет басшысы ретінде таңдап алды. Содан бері 26 жыл өтіп, осы аралықта Қазақстан әлем мойындаған мемлекетке айналды.

Соңғы жаңалықтар