Тұңғыш Президент күні қарсаңында полиция ардагерлеріне тосын сый жасалды – СҚО

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында полицияның 20 ардагері Тұңғыш Президент күні қарсаңында санаторийге жолдама алып, сапарға аттанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, зейнеткерлер Ішкі істер министрлігінің ведомстволық шипажайы - Алматыдағы «Қазақстан санаторийінде» дем алады, денсаулықтарын түзейді.

Бір топ зейнеткерді «Алматы – Петропавл» пойызына әріптестері - полиция қызметкерлері шығарып салды. Шипажайда олар он күн демалады, кешенді ем қабылдайды. Алыс жолға шыққандардың арасында 51 жастағы Еркебұлан Жамұқов та бар. Еркебұлан Аманбайұлы 2013 жылы полиция капитаны шенінде зейнет демалысына шықты. Ол көп жылдар бойы Тимирязев және Шал ақын аудандарында полицияның учаскелік инспекторы болып еңбек етті.

«Полиция департаментінің басшылығына, ардагерлер кеңесіне маған жолдама бергені үшін алғысым шексіз. Зейнет демалысына шықсақ та бізді ұмытпайтындықтары қуантады. Ардагерлер үшін жылда шипажайларға осындай сапарлар ұйымдастырылып тұрады», - дейді ішкі істер органдарының зейнеткері.

Жолға шыққан ардагерлердің жасы 78 бен 51 аралығында.

«Тұңғыш Президент күні қарсаңында полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаевтың ұсынысымен, ведомствоның ардагерлер кеңесінің қолдауымен «Қазақстан санаторийіне» зейнеткерлеріміздің кезекті легі аттанды. Құрамында облыс аудандарының және Петропавлдың ішкі істер органдарының ардагерлері бар. Оларға жол көрсетуге, туындаған мәселелері болса шешуге көмектесу үшін департаменттің кадрлық саясат басқармасының офицерін бірге жібердік», - деді СҚО ПД басшысының орынбасары Қапез Дәулетбаев.

Соңғы жылдары ведомстволық шипажайда сауығу үшін СҚО ішкі істер органдарының 150-ден астам ардагері барып қайтты. Барлық сапарлар мерекеге орайластырылғандықтан, әрі көп жылғы еңбектерінің еш кетпей, мемлекет тарапынан бағаланғандығын түсінгендіктен жолға шыққан зейнеткерлердің көңіл-күйлері қашанда көтеріңкі.

Соңғы жаңалықтар