Тұңғыш Президент күні Қарағанды облысының тұрғындары қоныс тойын тойлады

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні кейбір отбасылар үшін қос мереке болды. Ауыл тұрғындары мен қала тұрғындары көптен күткен пәтерлерге ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек 1 желтоқсанда Теміртау қаласына, Елбасының еңбек Отанына келді. Өңір басшысы қала тұрғындарын, металлургтерді мерекесімен құттықтап, 9 ықшамаудандағы жаңа көпқабатты үйдің кілтін табыс етті. Бұл үйде әлеуметтік қорғалатын санаттардан 50 отбасы жалдамалы тұрғын үй алды.

Биылғы жылы Теміртауда 95 пәтер тапсырылды. Келесі жылы 150 пәтерлі тағы үш үй салынады.

«Тұңғыш Президент күні сіздердің отбасыларыңыз үшін қоныс тойын атап өткен күнге айналды. Тәуелсіздік жылдары тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған 10-нан астам мемлекеттік бағдарлама құрылды. Олардың ішінде «Нұрлы жер», «7-20-25», «Бақытты отбасы», «Қолжетімді баспана 2020» және басқалар бар. Елбасы Теміртау қаласының дамуына әрдайым көңіл бөліп, назар аударып келеді», - деп атап өтті облыс әкімі.

Тұңғыш Президенттің тапсырмасы бойынша қалада жаңа дене шынықтыру сауықтыру кешені мен аурухана салынуда, деді Жеңіс Қасымбек.

Өңір басшысы қоныс иелеріне жаңа өмірдің, игіліктің және бақыттың символы болуын тіледі.

«Біз 10 жыл тұрғын үй кезегінде тұрдық. Міне, бүгін біздің арманымыз орындалды, біз пәтер алдық. Бұған дейін бүкіл отбасымызбен туысқанымыздың үйінде тұрдық. 2019 жыл біздің отбасы үшін сәтті болды. Жанұямыздың атынан үлкен алғысымды білдіріп, барлықтарыңызды мерекемен құттықтағым келеді», - дейді Арман Қарынсау.

«2011 жылдан бастап кезекте тұрған болатынбыз. Пәтер жалдап, әрдайым бір үйден екінші үйге көшіп-қонып отыруға тура келді. Бірақ қазір бізде өз үйіміз бар, балалардың өз бөлмесі болады. Мен өте қуаныштымын», - дейді көп балалы ана Ольга Саламатова.

Салтанат Қазыбаева - жетім. Бүгін ол да өз пәтерінің кілтін алды.

«Үлкен рахмет. Мен осы сәтті 5 жыл күттім, міне менің арманым орындалды. Барлықтарыңызға осындай қуаныш тілеймін», - дейді Салтанат.

Тұңғыш Президент күні қарсаңында Бұхар Жырау, Ақтоғай, Абай және Шет аудандарында, сондай-ақ Жезқазған, Сәтбаев және Приозерск қалаларында пәтерлердің кілттері табыс етілді. Облыста жаңа әлеуметтік нысандар да ашылды. Шахтинск қаласында балабақша салынды. Қарағандыда тағы бір медициналық орталық ашылды.

Теміртау мәдениет үйінің сахнасында бүгін Тұңғыш Президент күніне арналған үлкен мерекелік концерт өтті. Көрермендер үшін қазақстандық эстрада жұлдыздары мен Қали Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігінің әртістері өнер көрсетті. Ал мерекелік салтанаттың басты қонағы әнші Ержан Максим болды.

Соңғы жаңалықтар