Тұңғыш Президент күні Анкарада аталып өтті

None
None
АНКАРА. ҚазАқпарат - 30 қарашада Анкара қаласында (Түркия) Қазақстанның Тұңғыш Президенті күніне орай «Түркі мемлекеттері ынтымақтастығы жолындағы көреген көшбасшы Нұрсұлтан Назарбаев» атты конференция өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қазақстанның Түркиядағы Елшілігіне сілтеме жасап.

Шараны ҚР Түркиядағы Елшілігі жəне Еуразия мемлекеттерінің экономикалық қарым-қатынастары жөніндегі «ЭкоЕуразия» қауымдастығының ұйымдастырды.

Жиынға Түркия Ұлы Ұлттық мəжілісінің депутаттары, Түркияның жоғары лауазымды тұлғалары, зиялы қауым өкілдері, беделді профессорлар, ғалымдар мен сарапшылар, қазақстандық тəлімгерлер, БАҚ жəне қазақ диаспорасының өкілдері қатысты.

Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы 1 желтоқсан күні елімізде Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні аталып өтетіндігіне орай, тəуелсіздікке қол жеткізгеннен бері Елбасының бастамасымен елімізде жүзеге асырылған маңызды экономикалық жəне əлеуметтік реформалар, халықаралық саяси бастамалары мен мемлекетіміздің жетістіктерін тілге тиек етті.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі халқымыз үшін «еліміз», «туған жеріміз» жəне «Отанымыз» сөздерімен қатар жүреді. Түркия үшін М.К Ататүрік қаншалықты маңызды тұлға болса, Н.Назарбаев Қазақстан үшін дəл сондай маңызға ие», - деді А.Сапарбекұлы.

Елші «Елбасын жақсы түсіну үшін оның балалық жəне жастық шағына назар аудару керек», - деп, қарапайым отбасында дүниеге келген Н.Назарбаев ерте жасынан қоғамдық өмірге белсене араласа бастағанын, оның жастайынан Отанының тағдырының жанашыры болғанын атап өтті.

А.Сапарбекұлы Мемлекеттілігіміздің негізін қалаушы Елбасы басқарған 30 жылдың ішінде Қазақстан əлемнің дамыған 50 елінің қатарына енгенін, кедейшілік деңгейі 20 есеге төмендеп, елдің ішкі жалпы өнімінің 9 есе артқанын атап өтті.

«Қазақстан советтік режімде ауылшаруашылық елі болса, енді өндірістік елге айналып, экономикалық, саяси жəне əлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету арқылы пост-кеңестік аймақтың мықты экономикасының біріне айналды», - деді А.Сапарбекұлы.

А.Сапарбекұлы ұлтымыздың өзіндік тарихын қалыптастырған, сондай-ақ Түркі интеграциясының демберушісі, қамқоршысы аталатын Елбасының түркі мемлекеттері ынтымақтастығындағы бастамалары туралы сөз етті.

Кападокия университетінің ректоры профессор Хасан Әли Карасар да Н.Назарбаевтың ел басқаруына келгеннің алғашқы күндерінен бастап, «Ел тізгінін қолға алғаннан бері қазіргі уақытқа дейінгі Қазақстан халқының жетістіктеріне бүкіл халықаралық қауымдастық куə болып отыр», - деді.

Қазақ елінің қилы тарихы туралы ой бөліскен ғалым Карасар жасанды ашаршылық салдарынан халықтың тең жартысы жойылып, басқа бөлігі жер аударып, босып кеткенін өкінішпен еске салды. Осы кезеңде еліміз мəдениеті мен əдебиетін жоғалтуға дерлік душар болса, көп ұзамай Екінші дүниежүзілік соғысқа өз азаматтарын жіберуге мəжбүр болғанын айтты. Ол осынау қиыншылықтарға төтеп берген қазақ халқы Н.Назарбаев сияқты бірегей көшбасшының басқаруы арқасында халықаралық беделге ие болуы мақтан тұтарлық жетістік екендігін жеткізді.

Өзіндік ерекшелігін сақтап қала білген халықты одан əрі ілгерілеу жолына жетелеген Назарбаевтың дүниежүзіндегі бейбітшілікті қамтамасыз етудегі рөлі, оның адамзат қауіпсіздігіне қосқан үлесі қаншалықты теңдессіз болса, түркі халқының қарым-қатынастарын дамытудағы маңызы соншалықты зор екендігін атап өтті.

Іс-шараға қатысқан беделді профессорлар елдеріміз арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты үйлестірудің басты тетігіне айналған Түркі кеңесін құру бастамасын Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ə.Назарбаевқа тиесілі екенін, Түркі кеңесінің Құрметті Төрағасы мəртебесінің табысталғаны Елбасының атқарған еңбегіне берілген лайықты баға екенін баяндады.

Қатысушылар бірауыздан қазақстандықтар алмағайып өтпелі кезеңнің барлық қиындықтарын жеңіп, Елбасы Н.Назарбаев бастаған дара жолмен əлемдік сахнаға көтерілгенін растады. Сондай-ақ Түркия Президенті Р.Ердоғанның түркі халқының ақсақалы жəне стратегиялық серіктес ретінде Н.Назарбаевты жоғары бағалайтынын, ал Қазақстанның жетістіктері барша түркі халқының жетістігі екенінін мәлім етті.

Анкара қаласы Мамак муниципалитетінің мэрі Мұрат Көсе Назарбаевтың Қазақстанды Азиядағы көшбасшы мемлекеттер қатарына қосқанын атап өтті. «Назарбаев əлемдегі халықаралық проблемалардың шешімін табушы, болашақ қамын ойлайтын саясаткер жəне көреген көшбасшы», деді Мұрат Көсе.

Акдениз университетінің профессор-оқытушысы Шенол Кантаржының төрағалығымен «Азияның даму жолындағы Назарбаевтың рөлі» жəне Кавказ университеттері бірлестігінің төрағасы профессор Рамазан Коркмаздың төрағалығымен өткен «Мəдени болмысқа оралу жəне Назарбаев» атты сессиялар арқылы өз жалғасын тапты.

Сонымен қатар конференция барысында Мұғла Сыткы Кочман университетінің профессоры Сердар Йылмаз Н.Назарбаевтың рөлі жөнінде «Назарбаевтың Қазақстаны» атты кітабының жарық көргенін мəлімдеді. Жалпы қатысушылар достық атмосферада өткен конференция екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың тағы бір құралы ретінде септігін тигізетін іс-шара болатынын атап өтті.

Соңғы жаңалықтар