Тұңғыш қорғаныс министрі, армия генералы С. Нұрмағамбетов туралы деректі фильмнің таныстырылымы өтті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда ҚР тұңғыш қорғаныс министрі, Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов туралы деректі фильмнің тұсаукесері өтті.

Айтулы тұлғаның өмірі мен қызметінен сыр шертетін фильмді тамашалауға Қазақстандағы ҰОС ардагерлері, ҚР Қарулы күштерінің генералдары, «Арыстан» әскери мектебінің оқушылары, жас буын офицерлер, Бауыржан Момышұлы атындағы әскери мектептің тәрбиеленушілері келді.

«Фильмде бұл кісінің өмір тарихы, қиын-қыстау қызметі суреттеледі. Ол кісі жас кезінде соғысқа сұранып аттанған. Кавказдан бастап, Берлинге дейінгі жерді жаяу жүріп өткен. Тек әскери адам емес, шебер ұйымдастырушы, болашақты дұрыс болжай алатын стратег, ірі мәмілегер адам болған. Екінші дүниежүзілік соғыстың біткеніне 65 жыл толуына орай Нью-Йоркте БҰҰ мінберінде Сағадат Нұрмағамбетов Кеңес Одағының ТМД елдерінің ҰОС қатысқандарының атынан сөз сөйледі. Бұл өте үлкен мәртебе, дәреже. 21 жасында Кеңес Одағының Батыры атағын алған атақты генералдың өмірі мына отырған жастарға үлгі болады деген үміттемін», - деді «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық ұйымы президиумының төрағасы, әділет генерал-майоры, профессор Рүстем Қайдаров.

Оның айтуынша, ҚР «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық ұйымы президиумы 2012 жылы Ұлы Отан соғысына қатысқан 3 қазақ генералы туралы фильм түсіруді бастаған.

Кеңес Одағының 2 мәрте батыры, әскери ұшқыш Талғат Бигелдинов пен КСРО ІІМ генералы Әбдіқадыр Болсамбеков туралы деректі туындылар жақын арада еліміздің басқа қалаларында көрсетілетін болады.

Соңғы жаңалықтар