Тұмауға қарсы дайындық: санитар дәрігер жүкті әйелдерге бірқатар кеңес берді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Бақтияр Сәду тұмау маусымының алдында жүкті әйелдерге жіті респираторлық аурулардан қалай сақтануға болатындығын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дәрігерлер жүктілік кезінде кез келген ауруды, соның ішінде жіті респираторлық вирустық инфекцияны емдегеннен гөрі оның алдын алуға кеңес береді. Күз бен қыс суық тиіп ауыру мүмкіндігі жоғары қауіпті кезең. Соның ішінде тұмаудың болашақ анаға қандай қаупі бар?

«Жүктіліктің соңғы айларында және босанар алдында жүкті әйелдер жұқпалы ауруларға шалдыққыш болады. Жіті респираторлық вирустық инфекция (ЖРВИ) эндокриндік және иммундық жүйелер қызметін бұзады, тонзиллит, пиелонофрит секілді созылмалы аурулар қозады. Әдетте тұмау асқынып басталады, дене қызуы күрт көтеріледі. Алғашқы екі күнде температура 39-40 градусқа дейін жетіп, сосын тез төмендей бастайды. Дене қызуының көтерілу ұзақтығы әдетте 2-4 күннен аспайды. Сондай-ақ бас ауырып, айналады, іш ауруы, жүрек айнуы, құсу, ұйқының бұзылуы байқалады. Тұмаумен ауырған адам ісініп, бозарады», - дейді Солтүстік Қазақстан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің аурухана ішілік инфекцияларды бақылау бөлімінің басшысы Бақтияр Сәду.

Жүкті әйелдерде ауыр клиникалық көріністер болмаған кезде ЖРВИ ұзаққа созылуы мүмкін.

«ЖРВИ тудыратын вирустардың плацента арқылы ауру анадан ұрыққа берілетіндігі дәлелденді. Тәуекел тобына жүктіліктің алдындағы жылы осы инфекциялармен үш реттен көп ауырған әйелдер кіреді. Бұл иммунологиялық жеткіліксіздіктің белгісі. Сондықтан жүкті әйелдер күз бен қыста адамдар көп жиналатын қоғамдық орындарға бармағаны жөн. Жұқтыру қаупі болған жағдайда қоғамдық орындарда маска кию керек. Маска нәтиже беру үшін оны дұрыс кию қажет, 2-3 сағаттан кейін ауыстырған дұрыс. Пайдаланылған масканы екінші рет қолдануға болмайды», - дейді санитар дәрігер.

Маманның айтуынша, тұмау мен ЖРВИ-дің алдын алуға болады. Дәрумен-минералды кешенді қолдану вирусқа қарсы иммунитетті қалыптастыруға көмектеседі.

«Аурудан қорғану үшін қазіргі уақытта А, С, Е дәрумендерін, селен, магний, темір микроэлементтерін ішіп, шөп дәрілерін де қолдануға болады. Мұндай алдын алу шараларын жүктіліктің бірінші триместрінен бастап, тәуекел тобына жататын әйелдерге жүктіліктің кез-келген мерзімінде қолдану қажет», - дейді Бақтияр Сәду.


Соңғы жаңалықтар