Тұмаудың өршуін коронавирус вакцинасымен байланыстыру ғылыми тұрғыдан негізсіз - министр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандықтардың тұмау жұқтыру қарқыны біртіндеп азайып келеді. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазақстандықтардың маусымдық тұмауды ауыр өткеріп жатқанына коронавируске қарсы вакцинаны себепкер деген кіпірлер айтылып жүр. Екпе адамдардың тұмауға қарсы иммунитетін тежеп тастағаны рас па? Биылғы тұмауды халық неге ауыр өткеріп жатыр?», - деп сұрады БАҚ өкілі Ажар Ғинияттан министрліктің алқа отырысында.

Министрдің айтуынша елдің тұмауды ауыр өткеріп жатқанына вакцинацияның ешқандай қатысы жоқ.

«Бүкіл дүниежүзінде жедел респираторлық вирустық инфекцияның және тұмаудың маусымдық артуы болып жатыр. Ауыр өтіп жатқанына келсек, кейінгі екі жыл қатарынан адамдар тұмаумен ауырмағандықтан ол ауруға деген иммунитеті жоқ», - деді Ажар Ғиният.

Сондай-ақ ол елде тұмаудың артуын коронавирус вакцинасымен байланыстыру ғылыми тұрғыдан да негізсіз деген пікір білдірді.

«Сіз айтып отырған жорамал ғылыми тұрғыдан да дұрыс емес. Өйткені адам дүниеге келгеннен бастап, балалардың өзі 21 инфекцияға қарсы әр түрлі екпе алады. Ол қандай да бір ауруларға кедергі келтіріп жатқан жоқ. Тек тиісті ауруға ғана қарсы иммунитет қалыптастырып, сол ауруға ғана төтеп беріп, қарсы тұрып жатыр. Сондықтан әрбір айтылған ақпаратты ғылыми түрде, сараптамалық түрде айтқан дұрыс», - деді ведомство басшысы.

Айтуынша, соңғы екі жылда санитарлық-профилактикалық шаралар күшейтілгендіктен тұмаудың таралуы азайған. Ал биыл әлем бойынша қайта өршіп жатыр.

«Аурулардың өршуін біз апта сайын қарап отырмыз. Қазір маусымдық кезең жүріп жатыр. Сол мониторингтің өзі бұл аурудың жайлап басылып келе жатқанын көрсетіп отыр. Бұл тек тұмауға ғана емес, коронавирус инфекциясына да байланысты. Оны біз жедел жәрдемнің шақырылуынан, аурулардың тіркелуінен, науқастардың аурухана түсуінен, балалар арасында ауруханаға қатаң түрде түсу көрсеткішінен көріп отырмыз. Қазірдің өзінде бүкіл республика бойынша 45 шақты бала ауруханада коронавиурспен және өзге де вирустық инфекциялармен жатыр», - деді министр.

Соңғы жаңалықтар