Тұманда адасып қалған екі балықшы Самарқан су қоймасынан табылды

None
None
ТЕМІРТАУ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында тұманда адасып қалған екі балықшы табылды. Бұл туралы ҚазАқпарат өңірлік төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап хабарлайды.

10 желтоқсан сағат 17:20-дан бастап Қарағанды облысы төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары Самарқан су қоймасында балықшыны іздеуге кірісті.

Балықшы тұман мен жол көрінбегендіктен, қайтар жолды таба алмай, адасып қалған. Іздеу жұмыстарына 3 топ тартылды, олар жаяу да, көлікпен де іздеген. Іздеу жұмыстары барысында жағалауға қайтар жолды таппай қалған тағы бір адасқан балықшы жеткізілді.

Түнгі сағат 03:30-да жоғалған балықшы табылды. 1948 жылғы ер адам әлі құрып, шаршап, өз бетінше жүре алмай қалған. Құтқарушылар оны жағаға жеткізді. Жедел жәрдем қызметкерлері балықшыны тексеріп, оған алғашқы медициналық көмек көрсетті. Іздеу-құтқару жұмыстарына 14 адам мен Қарағанды облыстық ТЖД екі техникасы жұмылдырылды.

Іздеу аймағы 12 шаршы шақырымды құрады. Іздеу жұмыстарына қою тұман мен жолдың көрінбеуі кедергі келтірген. Зардап шегушіде телефон болған, алайда ол қайда екенін түсіндіріп айта алмаған. Бұдан бөлек, телефонының қуаты да аз болған. Түнге қарай оның телефоны толықтай сөніп қалған. Ер адамның есту қабілеті төмен болғандықтан, құтқарушылардың берген белгісін де естімеген.

Құтқарушылар түнгі уақытта және жол көрінбейтін кезде мұздың үстімен жүруге болмайтынын ескертеді.

Соңғы жаңалықтар