Тұман, көктайғақ: 11 қаңтар күнгі ауа райы болжамы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 11 қаңтар күні Қазақстан аумағының басым бөлігі ауқымды антициклон ықпалында болады. Осыған орай жауын-шашынсыз күн райы күтіледі. Республиканың тек батысы мен шығысында жаңбыр мен қар түрінде жауын болжанады. Елдің жекелеген өңірлерінде тұман, көктайғақ, екпінді жел, жаяу бұрқасын болады. ҚазАқпарат бұл туралы «Қазгидромет» РМК-ға сілтеме жасап хабарлайды.

Атырау облысының батыс және орталық бөлігінде тұман, көктайғақ болжанады. Өңірдің шығысында жел 15-20 м/с дейін күшейеді.

Түнде Маңғыстау облысының батысы мен орталығында – көктайғақ, оңтүстігінде 15-20 м/с жылдамдықта жел күтіледі.

Күндіз Ақтөбе облысының батысында жаяу бұрқасын болжанады, өңірдің шығысында түнде желдің күші 15-20 м/с артады.

Түркістан облысының оңтүстігі мен батысында, сондай-ақ таулы, тау бөктерлі аумақтарында тұман болжанады. Таулы аудандарда желдің екпіні 15-20 м/с күшейеді.

Алматы облысының оңтүстігі мен шығысында тұман, көктайғақ болады. Жалаңашкөл аумағында желдің жылдамдығы 18-23 м/с артады.

Шығыс Қазақстан облысының солтүстік бөлігінде жел 15-20 м/с жетеді. Өңірдің солтүстігінде түнде жаяу бұрқасын жүреді.

Жамбыл облысының солтүстігі мен таулы аудандарында тұман, көктайғақ күтіледі.

Ақмола облысының оңтүстік-шығысында, Батыс Қазақстан облысының батысында, Қостанай және Қарағанды облыстарының шығысында, Қызылорда облысының орталығында, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарының оңтүстігінде тұман болады.


Соңғы жаңалықтар