Тұлпар мініп, ту алған: Қобыланды батыр жырын жаттаған оқушы миллионер болды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде «Qazaq Epos» республикалық ағарту жобасының «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауы аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Qazaq Epos» республикалық ағарту жобасы «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауының облыстық кезеңі аяқталды. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларының аясында өткен шараға облыс әкімі Оңдасын Оразалин қатысып, байқау жеңімпаздары мен қатысушыларды құттықтады.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы Ақтөбе облысының дамуына серпін беріп, қоғам талабымен үйлесім тапты. Оның бір дәлелі - «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауы. Бұл байқаудың ақтөбелік балалар арасында кең қолдау табуында да ерекше мән бар. Себебі Ақтөбе жері – батырлар мекені. Тарихта өшпес із қалдырған қос Есет батыр, Қобыланды мен Бөкенбай, шығыс жұлдызы атанған батыр қыз Әлия Молдағұлова – Ақтөбенің мақтаныштары. Мұндай ұлылар мекенінде дүниеге келген балалардың батырлар жырына қызықпауы мүмкін емес. Байқау арқылы ата-бабамыздың тәрбие тәсілі қайта жаңғырып жатыр. Сондықтан бала тәрбиелеуде батырлар жырын оқыту қайта қолға алынып, қайта жаңғыртылуы игі бастама. Біз тек атадан қалған сырлы сөздер мен рухани үлгімен ғана рухани түлеп, саналы түрде жаңғырамыз. «Тұлпар мініп, ту алған!» секілді жобалар арқылы бай мұрамызды бойына сіңірген, ұлттық рухы мықты ұрпақ өсіп-өнеді», - деп атап өтті аймақ басшысы. Оңдасын Оразалин байқау жеңімпаздарына және олардың жетекшілеріне қаржылай сыйлық табыс етті.

1-орын алған Алға ауданы № 3 Алға орта мектебінен 10-сынып оқушысы Мұрағат Бекеновке 1 000 000 теңге және оның жетекшісі Бақтыгүл Қойшығұловаға 2 000 000 теңге, 2-орынды иеленген Ақтөбе қаласынан №21 мектептің 6-сынып оқушысы Амира Сәбитова 600 мың теңгеге, оның жетекшісі Роза Баекешоваға 1,2 миллион теңгенің сертификаты берілді. 3-орынға Хромтау ауданынан келкен Рауан Амангелді қол жеткізді. №5 мектеп гимназиясының 8-сынып оқушысы 300 мың теңгеге ие болды. Жетекшісі Торғын Жанұзақоваға 600 мың теңгенің сертификаты берілді. Аталған жеңімпаздар Ақтөбе облысы әкімінің дипломымен марапатталды.

Айта кетейік, байқауға қатысуға республика бойынша 5621 мектептің 51 328 оқушысы мен 23 128 мұғалім қатысса, Ақтөбе өңірінен 2311 оқушы және оларды дайындаған 979 мұғалім қатысты. Олардың ішінде 28-і түрлі этнос өкілі. Бірінші орын алған оқушы келер жылы Нұр-Сұлтан қаласында өтетін республикалық байқауға қатысады.

Соңғы жаңалықтар