Валюта бағамдары:
    usd/kzt 472.17 eur/kzt 495.5

    rub/kzt 7.57 cny/kzt 67.74
Ауа райы:
Астана-15-17℃
  Jańalyqtar  >

Түлкібастық ұстаз асық атудан әлем кубогын жеңіп алды

2022 жылғы 1 қазан, 13:10

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түлкібастық ұстаз асық атудан әлем кубогының иегері атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан облысы Түлкібас ауданының тұрғыны Алмас Қарабаев асық атудан әлем чемпионатына қатысып келді.

Румыния жерінде өткен байрақты бәсекеде ел намысын қорғаған мектеп мұғалімі ешқандай қарсылас шақ келтірмеді.

«Бес асықтан Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иелендік. Үлкен шеңбер ішіндегі асықты алыстан атып, шеңберден шығару керек болды. Біздің командаға бұл ойын еш қиындық тудырмады» - дейді ол.

Алмас Т.Рысқұлов ауылында орналасқан А.С.Пушкин атындағы ақпараттық технологиялар мектеп лицейінде дене шынықтыру пәнінен сабақ береді.

Бос уақытында балаларды асық ату ойынына баулып, қыр-сырын үйретеді.

Жарыстарға алып барып, шыңдайды. Шәкірттері де сенімді ақтап әлемдік додаларда топ жарып, жеңімпаз атанып жүр.

«Бала кезімізден асық ойнап өстік. Кейіннен мектеп бітірген соң Шымкент әлеуметтік педагогикалық университетін бітірдім. 2015 жылдан бастап асық ойнауды қайта қолға алдым. 2019 жылы ауыл мектебіне мұғалім болып қызметке орналасып, шәкірт дайындауды бастадым. Қазір 14 шәкіртім бар. Оның 11 ұл, 3 қыз бала. Нәтижелері көңіл қуантарлықтай» - дейді ол.

Алмас - асық атудан спорт шебері. Өзі де жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп келеді.

Атап айтар болсақ, Қызылорда, Шымкент, Алматы қалаларында өткен Қазақстан кубогының чемпионы, Орал, Петропавл, Тараз, Көкшетау қалаларында өткен ҚР чемпионатының күміс жүлдегері, Қырғызстан Республикасында өткен дүниежүзілік көшпенділер ойынының қола медаль иегері.

Сондай-ақ, биыл Румыния елінде өткен әлем кубогының жеңімпазы атанды.

«Бүгінде көптеген жастар асық ойнауға құмартпайды. Ынтасы жоқ. Одан қайта ұялы телефон шұқылап, әлеуметтік желіде отырғанды құп көреді. Біз сонда да жастардың қызығушылығын оятып, ұлттық спорттық ойынды насихаттап келеміз» - дейді ұстаз.


Автор:

Қайрат Зайнишев

Новости по теме
Серіктестер жаңалықтары