Түлкібаста жергілікті ақын мен жазушының кітаптары жарық көрді

None
None
ТҮЛКІБАС. ҚазАқпарат – Түркістан облысы Түлкібас ауданындағы 90 жылдық тарихы бар «Шамшырақ» қоғамдық-саяси газетінде қуанышты жайт аталып өтті. Редакцияның баспаханасынан алғаш рет қос бірдей қаламгердің кітабы жарыққа шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аудандық редакцияда талай жылдан бері әдемі әңгімелер мен мағыналы мақалалар жазып жүрген журналист, жазушы Орынтай Көмеков пен ақын Әбдібек Аралбайұлының кітаптары жарыққа шығып, оқырманға жол тартты.

Орынтай Өксікбайұлының алғашқы шығармалар жинағы «Енді гүлге жоламаспын» деген атаумен басылып шықты. Ал ақын Әбдібек Аралбайұлының кезекті үшінші кітабы «Ізде мені» деп аталады. Кітаптың дизайны мен өңделуі де осы редакцияда жасалды. Қос кітаптың жарыққа шығуына орай ұйымдастырылған шараға аудан әкімі Нұрбол Тұрашбеков демеушілік жасап, мұрындық болды.

Ақын мен жазушының қуанышына ортақтасу үшін аудан әкімі Нұрбол Әбдісаттарұлы бастаған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Мәуленқұлов, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлы, облыстық журналистер одағының төрағасы Ғалымжан Елшібай бастаған журналистер қауымы және бірқатар ақын-жазушы, қаламгерлер қатысты. Олар авторларға ыстық лебіз білдіріп, қаламдарың мұқалмасын деген ізгі тілегін жеткізді.

Кітаптың тұсаукесер тойында ақын Әбдібек Аралбайұлы елі мен жеріне деген алғысын әдемі жырға қосты. Аудан басшысына ерекше алғыс айтып, ризашылығын жеткізді.

Соңғы жаңалықтар