Түлкібаста үш бірдей модульді медициналық пункт пайдалануға берілді

None
None
ТҮЛКІБАС. ҚазАқпарат – Түркістан облысы Түлкібас ауданында үш бірдей модульді медициналық пункт ел игілігіне берілді. Көкбұлақ, Шарафкент және Еңбекші елді мекендерінің тұрғындары заман талабына сай тіректерде ем қабылдайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ауыл тұрғындарына қолжетімді медициналық көмек көрсету мақсатында ауданда ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Енді елді мекен тұрғындары алғашқы көмекті алысқа бармай-ақ қолжетімді жерден ала алады.

Жалпы алаңы 125 шаршы метр болатын пункт медициналық құралдармен толық жабдықталған. Дәрігерлік тексеру, акушер бөлмелері мен екпе егуге арналған орын бар. Ғимараттың қабырғалары заманауи құрылыс материалдарынан соғылған. Ыстыққа төзімді, суық өткізбейді. Бастысы, дертіне ем іздеген тұрғындарға барлық жағдай жасалған.

Небәрі екі айдың ішінде бой көтерген заманауи құрастырмалы-қаңқалы медициналық тіректердің құны - 30 млн теңге. Неміс технологиясымен жасалған бекетте фельдшер, дәрігер - терапевт және медбике қызмет көрсетеді.

Айта кетейік, бұған дейін аталған ауданда Жаңаталап, Сарытөр елді мекендеріндегі осындай тіректер күрделі жөндеуден өткен болатын.


Соңғы жаңалықтар