Түлкібаста міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шарттары түсіндірілді

None
None
ТҮЛКІБАС. ҚазАқпарат – Түркістан облысы, Түлкібас ауданында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың шарттары түсіндірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев пен «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Асхат Бейсенбаев бастаған топ аудан тұрғындарымен кездесіп, жаңа жүйедегі тегін медициналық көмек туралы айтып өтті.

Жиында сөз алған Мұқан Егізбаев жаңа жүйе жүзеге асқан соң медициналық қызметтердің сапасы айтарлықтай жақсаратынын жеткізді. Емдеу мекемелерінде бәсекелестік артып, әр адам өзіне ұнаған дәрігерді немесе емхананы таңдай алады.

«МӘМС пакетіне табысы орташа азаматтардың қалтасы көтере бермейтін: МРТ, компьютерлік томография, ПЦР-анализ сынды қызметтер де енгізілді. Сондай-ақ, кепілдендірілген тегін көмек пакетіне енбеген сырқаттарға шалдыққан жағдайда стационарды алмастыратын көмек пен жоспарлы стационарлық көмектер осы пакет шеңберінде көрсетіледі.Айта кетерлігі, еліміздегі кенжелеп қалған медициналық оңалту, қалпына келтіру көмектері жоғары тарифтермен кең ауқымда көрсетіледі»,- деді облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы.

Мамандардың сөзінше, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық қызметкерлер әлеуметтік медициналық сақтандырудың толыққанды қатысушысы болады. Сөйтіп сапалы және қолжетімді медициналық көмекпен қамтамасыз етіледі.

«Ал, жұмысқа ресми түрде орналаспаған, жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген, азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшарт бойынша қызмет көрсетпейтін азаматтар дербес төлем жасаушылар санатына жатады. Сондықтан МӘМС жүйесіне қатысу үшін олар бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) жасауы қажет», – деді Асхат Бейсенбаев.

Айта кетейік, облыс аумағында биыл қормен келісімшарт бекіткен жеткізуші медициналық ұйымдарға 76,8 млрд теңге төленуде. Бұл өткен жылы бөлінген қаржыдан 9,1% артық. Жалпы, медициналық сақтандыру қоры кепілдендірілген көмек түрлерін көрсетуге құлшыныс білдірген 74 медицина ұйымдарымен келісімшарт бекіткен болатын. Оның ішінде 34-і - жеке меншік клиникалар. Жұмыс кестеге сай жүріп жатыр. Бөлінген қаражат медицина мекемелерінің операциялық шығындарын өтеуге жеткілікті.

Егер қандай да бір медициналық ұйым қызмет көрсетуден бас тартса немесе қызмет сапасыз көрсетілсе, еліміздің әрбір тұрғыны 1406 байланыс орталығына хабарласа алады.

Соңғы жаңалықтар