Түлкібаста 4 орын туристер жиі келетін киелі жерлер географиясына енді

None
None
ТҮЛКІБАС. ҚазАқпарат – Түркістан облысы Түлкібас ауданына келуші туристердің қатары көбейіп келеді. Оған себеп - тарихы терең, табиғаты керемет Түлкібас өңірі киелі жерлерге бай өлке саналады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық құжатында жалпыұлттық қасиетті мекендер ұғымының маңыздылығын атап өткен болатын. Қазақстанның «Киелі жерлер географиясы» кіші жобасы бойынша алдын ала ұсынылған сакральды орындар тізіміне Түлкібас өңірінен 39 киелі жер туралы мәлімет облыстық жобалық кеңсе базасына жолданған. Соның ішінде Түркістан облысы бойынша жергілікті маңызы бар тізіміне енген 4 киелі жер анықталды.

Мәселен, «Ақтас әулие» Керейт ауылының іргесінде, ауылдың солтүстігінде орналасқан. Ақтас әулие бұлағының күншығысы қатпар тасты төбеге ұласады, оңтүстік-батысы егістік алқаппен, батысы ауылдың ескі қорымымен ескі мешіт үйі арқылы, ал батысы тегістеле келіп, ауыл басындағы төбемен шектеледі. Ақтас әулие бұлағында терек пен тал ағашы бар, айнала қамыс басқан, диаметрі шамамен 150-160 метр алқапты алып жатыр. Ақтас әулие бұлағынан басқа тоғай ішінде бірнеше бұлақ көзі бар.

Ал, Тамшы әулие Кершетас ауылынан 12 шақырым оңтүстік-шығыста, Лагерь шатқалында орналасқан. Шатқал аңғарында Машат өзені бар. Машат өзенінің сол беткейінде Шошқабұлақ тауларының сілемдері бар. Өзеннің екі аңғары биік қатпар тасты жота, өзен бойында демалыс саябақтары орналасқан. Тамшы әулие Машат өзенінің оң қапталында тау аңғарына сұғына кіріп, биіктігі 80-85 метрдей қатпарланған тас қабаты бар. Қож-қож жартастар, сан алуан желектер көмкерген, кіргенде көз сүрінетін, әсері керемет көріністі қуыс қойнауында тастан тамшы тамып тұрады. Тас қабатының үстіңгі жағы 30-35 метрдей қара, орта тұсы 20-25 метрдей ақ сұр, ал астыңғы қабаты ылғалданған, судан көгеріп мүк басқан. Оның қалыңдығы 20-25 метрдей келеді. Осы араны жергілікті халық «Тамшы әулие» деп атайды.

Көпшілікке танымал Түркібасы әулиенің басына салынған кесене Азаттық ауылында, «Шымкент - Алматы» автомобиль жолының сол қапталындағы тау беткейінде орналасқан. Алыстан күмбезді сағана көзге шалынады. Сағанаға зиярат етушілер баспалдақ арқылы көтеріледі. Баспалдақтың жалпы саны- 688. Жоғары көтеріліп 196 баспалдаққа жеткен соң, оң қанатта бұлақ суы бар. Бұлақ суы ешқайда ақпайды, көлшік болып тұрады. Бұлақ суының оңтүстігінде төрт түп қарағаш бар. Бұлақ суының оңтүстігі мен шығысында қарағаш тамырларынан шыққан бірнеше түп бұта бар. Бұлақ көзінің шығыс жағында 17-20 метрдей жердегі беткейдің 4 жері көгеріп, онда қамыс, қоға өскен. Ол жай сым темірмен қоршалған. Сол араның солтүстік-шығысында дәл сондай көгеріс орын бар, ол орын үлкендеу, қоршалған, ортада жиде мен қарағаш өсіп тұр, айналасын қамыс пен қоға басқан. Аталған жердің бәрінде бұлақ көзі бар. 245-247 баспалдаққа көтерілгенде оң қол тұста диаметрі 10-12 метрлік тегістік бар. Онда үш бұлақ көзі бар, жоғарылау тұрған бұлақ көзін қоға басқан, төбесін түнікемен жауып, көлеңкелеп қойған, астындағы екі бұлақ үстіне тас қаланған, айналасы ашық. 322 баспалдақ тұсында шығысқа жүретін сүрлеу жол бар, сүрлеу жол 18-20 метр жердегі төрт бұрышты темір мұнараға апарады. Темір мұнараның торлама ішіне 3,5 метр биіктікке дейін тас толтырылған. Мұнара биіктігі 6 метр шамасында.

Қасқабұлақ шыңы болса Жабағылы өзенінің сол жақ бетінде орналасқан. Теңіз деңгейінен 3700 м биіктікте жатыр. Қасқабұлақ шыңының ерекшелігі - тас және қола дәуірінен қалған 2000 ға жуық тастарға қашалып салынған таңбаларымен белгілі. Көне суретшілер тасқа ойып салған бейнелер сол кездегі тіршіліктің қандай деңгейде болғанын баяндайды. Жартастарда адамдардың тіршілігі, көптеген аңдар мен құстардың, маралдар, таутекелер, арқарлар, түйелер және аңшы суреттері бейнеленіп қашалған. Аталған таңбалар осы күнге дейін жақсы сақталған.
Соңғы жаңалықтар