Түлкібас ауданында «Жастар аллеясының» ашылу салтанаты өтті

None
None
ТҮЛКІБАС. ҚазАқпарат – Түркістан облысы, Түлкібас ауданында «Жастар аллеясы» пайдалануға берілді. Жастар жылына орай салынған нысанның ашылу салтанатына аудан әкімі Нұрбол Тұрашбеков пен облыстағы ардагер, зиялы қауым өкілдері мен жергілікті тұрғындар қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аудан орталығындағы Тұңғыш Президент саябағында орын тепкен аллеяны аудан басшылары мен қонақтар салтанатты түрде ашты. Бұл демалыс орнын салу бастамасы ағымдағы жылдың ақпан айында аудан әкімдігінің ұйытқы болуымен қолға алынған болатын. Түлкібас жерінде өткен «Жастар жалыны» атты жастар форумында ауданның белсенді жастары тарапынан осындай ұсыныс түскен. Форумда көтерілген мәселе аудан әкімі Нұрбол Тұрашбековтың назарынан тыс қалмай, жүзеге асты. Оның құрылыс жұмыстары қолға алынып, толығымен аяқталған. Аллеяда жастардың серуендеуіне барлық жағдай жасалған. Нысанның ашылу салтанатына келген қонақтар жаңадан отау құрған жас отбасыларға неке куәліктерін тапсыру рәсімінің куәсі болып, аллея аумағына ағаш көшеттерін отырғызды.

«Ауданымызда еліміздің болашағы жастар үшін сапалы білім алып, спортпен шұғылдануға барлық жағдайлар жасалған. Мәселен, биылғы жылы Азаттық елді мекенінен 600 орындық жаңа мектеп білім күніне пайдалануға берілсе, тағы жеті бірдей мектепке күрделі жөндеу және қосымша ғимарат салу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, Састөбе кентінен 240 жас бір мезетте спорттың алуан түрімен шұғылдана алатын спорт кешені мен аудан орталығындағы спорт мектебі жанынан жаңа күрес залы ашылды. Сол сияқты «Жанкент» мөлтекауданынан жаңа кіші футбол алаңы, ойын және «Стрит воркаут» алаңшалары аудан жастарының игілігіне пайдалануға берілді»,- деді жиында аудан әкімі.

Айта кетейік, таулы ауданда 14 пен 29 жас аралығындағы 28 мыңнан астам жас бар. Соның ішінде 16 мыңнан астамы түрлі салада жемісті еңбек етуде. Ал, 11 мыңнан астам жас орта және жоғары оқу орындарында білім алуда.

Соңғы жаңалықтар