Түлкібас ауданында кезекте тұрған 30 азаматқа жер телімі берілді

None
None
ТҮЛКІБАС. ҚазАқпарат - Түркістан облысы Түлкібас ауданында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай жер кезегінде тұрған 30 азаматқа жер телімі берілді. Түлкібас кентінде өткен шараға қатысқан аудан әкімі Нұрлан Байғұт жергілікті халықты мерекемен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тарих өлшемімен 30 жыл қас-қағым сәт. Міне, осы аз уақыттың ішінде еліміз әлеуметтік-экономикалық дамудың жарқын жолдарынан өтіп, халқымыздың тұрмыс деңгейі артты. Бүгінгі таңда Тәуелсіздіктің жемісін өздеріңіз көргелі отырсыздар. Ауыл шеті ұлғайып, инфрақұрылымы тартылған дайын жер теліміне қол жеткізіп отырсыздар»,-деді аудан басшысы құттықтау сөзінде.

Жиын барысында он жылдан бері жер кезегінде тұрып, үй соғуға қажетті жер теліміне қол жеткізе алмай жүрген тұрғындар алғыстарын жеткізді. Шара барысында аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары кент тұрғындарына ән-шашуларын ұсынып, мерекелік көңіл-күйге бөледі.

Ал, Арыс қаласына қарасты Ақдала ауылдық округінде жаңа әкімшілік ғимараты пайдалануға берілді. Жаңа нысанның ашылу салтанатына қатысқа қала әкімі Гүлжан Құрманбекова алдағы уақытта аталған ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайы жақсара түсетінін атап өтті.

«Ауыл көркіне сән қосқан жаңа әкімшілік ғимараты – ауылдың болашағын баянды, келешегін кемел етуге септігін тигізетініне сенемін. Өткен жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Ақдала ауылдық округінде 28 көшеге асфальт төселіп, жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Алдағы уақытта да әлеуметтік мәселелерді шешу арқылы тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған игі жұмыстар жалғасын табады», – деді қала басшысы.

Жылы әрі сапалы әкімдік ғимараты алдағы уақытта халық игілігі үшін қызмет көрсететін болады. Жиын соңында ауыл қариялары елге қызмет етіп жүрген азаматтарға ақ батасын беріп, жақсы істер жалғасын таба берсін деген ізгі тілегін жеткізді.


Соңғы жаңалықтар