Түлкібас ауданында «Ана мен бала» монументі ашылды

None
None
ТҮЛКІБАС. ҚазАқпарат – Түркістан облысы Түлкібас ауданы тағы бір ескерткішпен толықты. Аудан орталығындағы «Тұңғыш Президент» саябағының алдынан «Ана мен бала» монументі бой көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тас мүсін таулы ауданның тумасы, екінші дүниежүзілік соғысының ардагері Жайлау Піралиевтің балалары мен немерелерінің қаржыландыруымен орнатылды. Мәдени нысанның ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Е.Күзембаев пен аудандық ардагерлер, аналар кеңесінің мүшелері, зиялы қауым мен бұқаралық құрал өкілдері қатысты. Монументтің ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Е.Күзембаев өңірдің көркейуіне демеушілік жасап отырған азаматтарға алғысын білдірді.

«Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Басқа аймақтарға көшіп кетсе де, туған жерлерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келген кәсіпкерлерді, шенеуніктерді, зиялы қауым өкілдері мен жастарды ұйымдастырып, қолдау керек», – деген еді. Осы мақсатта бүгін демеушілердің қаржыландыруымен татулық пен бейбітшіліктің символы саналатын «Ана мен бала» монументін тұрғызып, аудан тұрғындарына үлкен сый жасап отыр. Бұл азаматтарға айтар алғысымыз шексіз»,- деді Е.Күзембаев.

Айта кетейік, Түлкібас ауданында Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында демеушілер есебінен бірқатар киелі жерлер жаңадан жаңғыртылып, елдімекендерде ескерткіштер бой көтеруде. Мәселен, 2018 жылы Алғабас, Рысқұл ауылдарында екінші дүниежүзілік соғысына аттанған жауынгерлер мен тыл еңбеккерлері, Батыр аналардың есімдері жазылған ескерткіштер ашылды. Ал, өткен жылы ауданның 90 жылдық мерейтойына орай қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың ескерткіші бой көтеріп, Түлкібас станциясында тұңғыш қазақ инженері Мұхамеджан Тынышбаев пен бала Тұрар Рысқұлов бейнеленген тас мүсін орнатылды.

Соңғы жаңалықтар