Тұлғалық қасиетін барынша ашып көрсетуге тырыстық - Режиссер «Балуан Шолақ» фильмі жайлы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 11 сәуірден бастап «Балуан Шолақ» фильмі жалпыұлттық прокатқа шығады. Көрермен көптен күткен фильм балуан өмірінің қай кезеңін қамтиды? Түсірілім барысында қандай қиындықтар кездесті? Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне фильм режиссері Нұргелді Садығұлов айтып берді.

«Балуан Шолақ» фильмі 11 сәуірде жалпыұлттық прокатқа шығады. Кино түсірілімі барысында графика жағынан қиналдық. Себебі, актер Еркебұлан Дайыровтың саусақтарын «кесу» керек болды. Әр кадрда тұтас саусақтары көрініп қалғаннан кейін Балуан Шолаққа ұқсату үшін әрбір кадр бойынша жеке графикалық жұмыс атқаруға тура келді. Фильм 2017 жылы түсіріле бастады. Сөйтіп, сол жылдың күзінде монтажға кірісіп кеттік. Өткен жылы монтаж аяқталғаннан кейін дәл осы графикалық жұмыстар біршама уақытымызды алды», - дейді Нұргелді Садығұлов.

Режиссердің айтуына қарағанда, Балуан Шолақтың рөлін сомдаған актер Еркебұлан Дайыров 10-15 келі салмақ қосқан. Балуанның тұлғасына барынша ұқсау үшін актер күрес үйірмесіне барып, тамақтану режимін қатаң сақтапты.

«Еркебұлан Дайыров атқа жақсы мінетіндіктен, ол жағынан қиындық туған жоқ», - дейді ол.

Нұргелді Садығұловтың сөзіне құлақ ассақ, фильм балуан бабаның өміріндегі бір ғана эпизодын қамтиды.

«Балуан Шолақ өмірінің ең маңызды кезеңін, яғни Сәбит Мұқанов жазып қалдырған, Мұхтар Әуезов театрында қойылып жүрген «Жаужүрек» пьесасында көрсетілетін оқиғаларды барынша қамтуға тырыстық. Ол - жер дауына байланысты эпизод. Тарихта переселендерді (қоныс аударушыларды) орналастырып, қазақтарды өз жерінен қуған кезең болғаны белгілі. Фильмді де соған байланысты бейімдедік. Балуан Шолақты бұл ретте жай балуан немесе сазгер, әнші ретінде ғана емес, тұлға ретінде, елге, жерге деген махаббатын көрсетуге тырыстық. Дулат Исабековтың пьесасында оның бәрі қамтылған. Балуан Шолақтың жер дауы кезінде «мен бұлай күліп-ойнап жүре алмайды екем» дейтіні бар. Сол көріністер фильмге енді», - дейді режиссер.

Нұргелді Садығұлов осы аптадан бастап туынды туралы жарнамалық акция басталатынын жария етті. Фильмнің тұсаукесері Алматы мен Астана қаласында бір-екі күн ертерек өткенімен, 11 сәуірден бастап бүкіл республика кинотеатрларында көрсетіле бастайды.

Еске сала кетсек, 2017 жылы Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Дулат Исабековтің сценарийі негізінде Балуан Шолақ туралы толықметражды көркем фильм түсіре бастаған болатын. Киносценарий М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында сахналанған «Жаужүрек» пьесасының желісі бойынша жазылған.

Соңғы жаңалықтар