Тұқым шаруашылығын субсидиялау қандай нәтиже береді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Тұқым шаруашылығын дамытуға арналған бюджеттік субсидиялар 7,7 есе өсті. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі баспасөз қызметінен мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Субсидиялау шын мәнінде оң нәтиже береді. Біріншіден, шаруашылықтарды сапалы тұқыммен қамтамасыз етуді арттыруға мүмкіндік береді. Екіншіден, субсидия төлеу есебінен тұқымдарға сұраныс қалыптасады, бұл тұқым өндірушілерді ынталандырады», - делінген министрліктің ҚазАқпарат агенттігіне берген жауабында.

2015 жылдан бастап 2021 жылға дейін тұқым шаруашылығын дамытуға арналған бюджеттік субсидиялар көлемі 1,9 млрд теңгеден 14,6 млрд теңгеге дейін немесе 7,7 есе өсті. Тұқым шаруашылығын дамытуға субсидия алған шаруашылықтарды қамту 3 есеге артты (2015 жылғы 1975 АШТӨ-ден 2021 жылы 5905 АШТӨ-ге дейін).

«Төмен өнімді тұқымдарды пайдалану көлемі 4 есе азайды (311,2 мың тоннадан 76,1 мың тоннаға дейін). Отандық тұқым өндірушілердің материалдық-техникалық базасын заманауи техникамен жаңғырту үшін 2019 жылдан бастап инвестициялық субсидиялау аясында арнайы техниканы субсидиялау енгізілді», - деп аталып өткен ведомство мәліметінде.

Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарына Қазақстанның тұқым өндірісінің әлеуетін арттыруға мүмкіндік беретін іс-шаралар енгізілген.

Бұдан бұрын хабарланғандай, келесі жылдан бастап дамыған елдердің тәжірибесі бойынша цифрлық форматта оригинаторлардан бастап тауар шаруашылықтарына дейін жоғары репродукциялы тұқымдардың жылжуын қадағалауға мүмкіндік беретін жаңа ақпараттық жүйе енгізілетін болады.

Биыл Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымын елімізде қамтамасыз етуге, сондай-ақ олардың сапасына қатысты ерекше тоқталды.


Соңғы жаңалықтар