Тұқым шаруашылығын дамытудың жеке стратегиясы әзірленбек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ауыл шаруашылығы министрлігі елімізде тұқым шаруашылығын дамытудың жоспары жайында түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанды отандық селекцияның ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымдарымен қамтамасыз етудің және бірыңғай тізбекте «селекция-тұқым шаруашылығы-өндіріс» біріктірілетін тұқым шаруашылығының ғылыми-өндірістік орталығын құруды, сондай-ақ барлық деңгейлерде тұқым шаруашылығын жүргізудің материалдық-техникалық базасын жақсартуды көздейтін жеке стратегиясын әзірлеу жоспарланып отыр. Бұл тұрғыда импортқа тәуелділікті азайтуға ерекше мән берілген», - делінген министрліктің ҚазАқпарат агенттігіне берген жауабында.

Бұдан басқа, келесі жылдан бастап дамыған елдердің тәжірибесі бойынша цифрлық форматта оригинаторлардан бастап тауар шаруашылықтарына дейін жоғары репродукциялы тұқымдардың жылжуын қадағалауға мүмкіндік беретін жаңа ақпараттық жүйе енгізілетін болады. Бұл олардың пайдаланылуына қатаң бақылау орнатуға мүмкіндік береді.

«Сонымен қатар тұқым шаруашылығын қолдау бойынша арнайы бюджеттік бағдарлама жұмыс істейді, ол тұқым шаруашылығының барлық кезеңдерін қамтиды. Элиталы тұқым өсіру және тұқым өсіру шаруашылықтарына тұқым өндіру үшін бірегей әрі элиталы тұқым сатып алу құны (70%) арзандатылады», - деп аталып өткен ведомство мәліметінде.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымын елімізде қамтамасыз етуге, сондай-ақ олардың сапасына қатысты ерекше тоқталды.

Тұқым шаруашылығын қолдауға биыл жергілікті бюджеттерде 11,8 млрд теңге қарастырылған.


Соңғы жаңалықтар