Туған жер: СҚО-да 326 жоба жүзеге асты
2021 жылғы 4 желтоқсан 02:46

Туған жер: СҚО-да 326 жоба жүзеге асты

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Nur Otan партиясы партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы жанындағы «Miras» қоғамдық кеңесінде «Туған жер» арнайы жобасы аясында атқарылған жұмыстар қорытындыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да «Рухани жаңғыру» бағдарламасы Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы негізге алына отырып үйлестірілген. Барлығы 6 бағытты қамтыған, 13 жоба бар. Өткен жылдың соңына қарай тағы 4 арнайы жоба қосылды.

«Туған жер» бағдарламасы аясында былтыр мыңнан аса іс-шара өткізілді. 382 мыңнан астам адамды қамтыған 456 жоба іске асырылды. Өңірдің кәсіпкерлері, 539 меценат 1 млрд 432 млн теңге қаржы бөліп, нәтижесінде әлеуметтік маңызы бар 15 нысан бой көтерді. Тағы 145-іне күрделі жөндеу жүргізілді.

Биыл жұмыс жалғасып, меценаттар қаражаты есебінен 326 жоба іске асырылды. Жаңадан әлеуметтік маңызы бар 6 нысан салынып, пайдалануға берілсе, 50-і жөнге келтірілді. Бұл мақсатқа 473 меценат 647 млн теңге жұмсады.

Демеушілердің көмегімен ауылдарда көпір салынып, жеке сектордағы тұрғын үйлерге газ тартылды, су тарату мұнарасы бой көтерді. Тозығы жеткен жылу желілері жөнге келтіріліп, әлеуметтік нысандарды жылумен қамтамасыз ету үшін күрделі жөндеу сияқты ірі жобалар жүзеге асты.

Жалпы СҚО-да 2017-2020 жылдар аралығында меценаттардың көмегімен 206 мектеп жөнделді, 32 денсаулық сақтау нысаны, 38 спорт және 45 мәдениет нысаны салынды.


Jańalyqtar

MURAǴAT