Туған жер: ОҚО-да 577 жоба қолға алынды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Елбасының биылғы Жолдауы аясында өңірде атқарылуы тиіс жұмыстарды атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әкімнің айтуынша, оңтүстік өңірі аграрлық аймақ болғандықтан бұл салаға жаңа технологиялар енгізу бойынша жұмыстар жүйелі түрде атқарылып отыр. Бүгінгі таңда өңірдегі аграрлық секторды игеру және инновацияларды енгізу ең маңызды мәселелердің біріне айналуда. Осы жайттарға тоқталған облыс әкімі алдағы уақытта интенсивті бақ, тамшылатып суғару, жылыжай көлемін ұлғайту бағыттарында жаңа технологиялар енгізу арқылы өнімділікті артыруға болатынын атап өтті.

«Қазіргі таңда БАӘ мен Иран мемлекеттеріне қой етін экспорттау бойынша алдын-ала келісімдер жасалып отыр. Жалпы 2021 жылға ауыл шаруашылығы тауарлары экспортын кем дегенде 3 есеге арттыруымыз қажет. ҚР Ауыл шаруашылығы, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрліктері, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі арасында түзілген үшжақты іс-шаралар жоспарында бекітілген 75 индикаторлық көрсеткіш 158 бірлікке немесе 2,1 есеге орындалды. Биылғы жылы 3000-нан кем емес үй шаруашылықтарынан біріктірілген 102 кооператив құратын боламыз», - деді Жансейіт Қансейітұлы.

Бұдан бөлек, облыс бойынша 457 мың гектар суармалы жерлерді ағын сумен жалпы ұзындығы 14 мың шақырымды құрайтын 2325 канал қамтамасыз етеді. Оның 9 мың шақырымы коммуналдық меншіктегі 1105 каналдың 4,6 мың шақырымы жөндеуді қажет етеді. Үш жыл ішінде жөндеуді қажет ететін су шаруашылығы құрылыстарының 50 пайызы қалпына келтіріледі.

Әкім сонымен қатар, еліміз үшін маңызды саналатын Батыс Еуропа - Батыс Қытай транзиттік жолына ерекше тоқталып кетті.

«Интеллектуалды көлік жүйесін енгізу мақсатында Шымкент қаласы бойынша «Смарт Сити» жобасы шеңберінде қалаға кіре беріс жеті жерден ауыр салмақты жүк көліктерін қадағалау үшін арнайы таразы мен арка құру жоспарда бар. Өңірде сондай-ақ мемлекеттік қолдаудың арқасында тұрғын үй құрылысының көлемі де жыл сайын артып келеді. 2017 жылдың басынан «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында 721,149 мың шаршы метрді құрайтын жалпы саны 7500-ге жуық пәтер берілген. Елбасы айтқан Қазақстанның киелі орындарының картасына Оңтүстік Қазақстан облысынан 35 нысан қосылды. «Туған жер» бағдарламасының аясында жалпы құны 31,5 млрд теңгені құрайтын 577 жоба қолға алынған»,- деп атап өтті аймақ басшысы.

Облыс әкімі оңтүстікқазақстандықтарды Елбасы бастамаларын қолдап, Жолдауында атап көрсетілген мәселелерді іске асыруға белсенді қатысып, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге бар күш-қайратты жұмсауға шақырды.

Соңғы жаңалықтар