Туған жер: Әкім кәсіпкерлерге спорт нысандарын салуды ұсынды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов облыс орталығындағы бірқатар спорт нысандарын аралады, деп хабарлайды ҚазАқпарат әкімдіктің сайтына сілтеме жасап.

Аймақ басшысына мемлекеттік-жекеменшік серіктестік желісі бойынша спорт саласында жүзеге асыру жоспарланған жобалар ұсынылды. 

Облыс әкімі «Аманат Арена» спорт кешенінің құрылысымен танысты. Бұл нысан әуесқойлық шағын футболды дамытуға арналған. Аталмыш спорт кешені бизнестің «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға қатысуының үлгісі болып табылады. 

Спорт кешені қала орталығында Ермеков көшесінің бойында орналасқан. Құрылыс жұмыстары 2017-ші жылдың көктемінде басталған. Атқарылатын жұмыстар аз қалды. Бір айдан соң оның ашылуы жоспарлануда. 

«Жоба толықтай жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылып жатыр. Құны 300 млн теңгеге жуық. Кешен спорт сүйер қауым үшін қолжетімді болмақ», - деді «Қазақстандық футбол сүйерлер лигасы» ҚБ Қарағанды филиалының төрағасы Мейрам Серіков.

Жобаның бастамашылары кешен шағын футбол сүйер қауым үшін жақсы алаң болатынына уәде берді. Ғимараттың жалпы ауданы - 3000 шаршы метрден астам. Мұнда 400 орынға шақталған трибуналары бар екі зал салынған. Сонымен қатар волейбол, баскетбол, үстел теннисі бойынша дәрістер мен түрлі спорттық шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр. 

Облыс әкімі Оңтүстік-Шығыста орналасқан «Еңбек» спорт кешенінде де болып, оның да жұмысымен танысып қайтты. Мұнда шағын футбол, күрес, хореография, және жаттығу залдары бар. 

«Еңбекте» «Жас сұңқар» облыстық мамандандырылған олимпиада резервінің балалар-жәсөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері жаттығады. Дзюдо, самбо және қазақ күресі бойынша 10 бапкер жұмыс атқарады.

Сонымен қатар футбол, көркем гимнастика, фитнес және би бойынша спорттық секциялар қызмет етеді. 

2018 жылы «Еңбектің» жанында тағы бір спорт кешенінің құрылысы басталады. Жоба бастамашысы - Талғат Байшолақов. Орталықта көркем гимнастика, жекпе-жектер және ойын залдары қарастырылады.

Ерлан Қошанов кәсіпкерге «Туған жер» бағдарламасына үлес қосып жатқаны үшін алғысын білдіріп, қолдау көрсетуге уәде берді. 

Облыс әкімін 2018-2020 жылдары жүзеге асырылады деп жоспарланған спорт саласындағы жобалармен таныстырды. Олардың қатарында 3000 орынға шақталған футбол манежі, 20 мың орындық стадион, техникалық спорт түрлерінің және техникалық шығармашылық мектебі, жеңілатлетикалық манеж, күрес орталығы және т.б. бар.

Бұл жобалардың басым бөлігі мемлекеттік-жекеменшік серіктестік механизмі бойынша іс жүзіне енгізілмек. 

МЖС көмегімен жүзу бассейндерінің жетіспеушілігі мәселесі де шешілмек. Пришахтинскіде жеке қаражатқа екі бассейн салынады: ересектерге және балаларға арналған. Сонан соң бизнес мемлекттік тапсырыс алады. Осылайша, Пришахтинск тұрғындары тегін түрде жүзумен айналыса алатын болады. 

«Спорттық нысандарды құрылысы кезінде ерекше назар ықшам аудандарға аударылуы тиіс. Ол жерлерде болашақ чемпиондар өсіп келеді, ал спорттық залдар жоқ. Бізге Майқұдық, Пришахтинск және Сұрыптау станциясында спорттық кешендер ашу қажет. Оның ішінде мемлекеттік-жекеменшік серіктестік желісі бойынша», - деп атап өтті Ерлан Қошанов. 

Соңғы жаңалықтар