Туған елге деген құрмет рәміздерді қадірлеуден басталады – Мемлекеттік хатшы

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін елордада «Мемлекеттіліктің рәміздері» атты халықаралық ғылыми конференцияның жұмысы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиын барысында ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешев Қазақстан ҚР Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қариннің құттықтау хатын оқып берді.

«Биыл мемлекетіміздің мәртебелі символы – мемлекеттік рәміздердің қабылданғанына 30 жыл. Отанды қастерлеу, туған елге деген шынайы құрмет мемлекеттік рәміздерді қадірлеуден басталады. Мемлекеттік рәміздер – елдіктің, егемендіктің басты нышаны, ұлттық рух пен қоғамдық келсімнің, сондай-ақ патриоттық тәрбиенің аса маңызды құралы. Көк байрағымыз көкте желбіреп, Елтаңбамыз ел төрінде нық тұрып, Әнұранымыз аспанда қалықтаса, ол мемлекет мерейі үстем, мәртебесі биік екенін, халқымыздың бірлік пен берекеде өмір сүріп жатқанын айғақтайды», - деген Е. Қарин құттықтау хатында.

Осы орайда Мемлекеттік хатшының құттықтау хатында ғалымдар тарапынан мемлекеттік рәміздерді тиімді насихаттауға және патриоттық тәрбиенің тың тәсілдерін жетілдіруге қатысты іргелі зерттеулер ұсынылуы керек екені айтылған.

«Бүгін өтіп жатқан «Мемлекеттіліктің рәміздері» халықаралық ғылыми конференциясы осы іске елеулі үлес қосады деп сенеміз», - деді Ерлан Қарин.

Осыдан тура 30 жыл бұрын, нақты айтқанда 1992 жылдың 4 маусымында ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы туралы», «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы туралы» және «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік әнұранының музыкалық редакциясы туралы» Заңдарға қол қойған еді.

Ал «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заң 2007 жылы 4 маусымда қабылданды. Осы Заңға сәйкес жыл сайын 4 маусым Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленеді. Мемлекеттік рәміздер – бұл кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырағысыз атрибуттарының бірі.


Соңғы жаңалықтар