Туды ұстағанда тебіреніп кетемін – түркістандық полицей

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан қаласының тұрғыны, полиция майоры Бекзат Хайриев саптық шаралар мен шерулерде Мемлекеттік туды ұстап жүреді. Облыстық полиция департаментінде аға инспектор қызметін атқаратын ол 12 жылдан бері өзіне жүктелген осы міндетті зор абырой санайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекеттік туды алып жүру - зор абырой деп білемін. ҚР Қарулы күштері күні, 23 маусым - полиция қызметкерлерінің төл мерекесінде, Жеңіс мейрамы және өзгеде атаулы күндері өтетін іс-шаралардағы шерулерде Мемлекеттік туды ұстап шығамын. Қобалжу болады. Себебі, мен қателессем, менің қасымдағы екі әріптесім жаңылысуы мүмкін. Бұл бүкіл саптың бұзылуына әкеліп соғады. Сондықтан, әрбір басқан қадамымызды есептеп жүреміз», - дейді ол.

Бекзат Хайриев өзіне жүктелген әрбір іске жауапкершілікпен қарайды. Тапсырмаларды тиянақты орындап, талай мәрте басшылық тарапынан марапаттарға ие болған. Сондықтан да болар, Мемлекеттік туды алып жүруге лайықты азамат ретінде таңдалыпты. Бұған оның болмысы да, бітімі де сай: салмағы - 85 келі, бойы – 1,85 м.

«Туды ұстағанда тебіреніп кетемін. Бойымды мақтаныш кернеп, басымды биік ұстаймын. Маған осындай мүмкіндік беріп, жоғары жауапкершілікті сеніп тапсырған басшылық құрамға алғысым шексіз», - дейді ол.

Бекзат Сұлтанмұратұлы Түркістан қаласында туып-өскен. Қожа-Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-да «Құқықтану» мамандығын меңгеріпті. Ал, еңбек жолын қаладағы уақытша ұстау изоляторында бастаған. Кейіннен учаскелік полиция инспекторы болды. Ал, бүгінде Түркістан облыстық полиция департаментінде аға инспектор қызметін атқарып жүр.

Еске салсақ, биыл мемлекеттік рәміздерге 30 жыл: Қазақстанда ту, елтаңба және әнұран қалай қорғалады?
Соңғы жаңалықтар