Туберкулез жұқтырған астаналықтардың 53,9% еңбекке қабілетті жаста

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордада соңғы 5 жыл ішінде туберкулезбен сырқаттану 29,3%-ға, ал өлім-жітім 39,3%-ға төмендеген.

Бұл туралы Астана қаласы санитарлық-эпидемиялогиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Жанна Пралиева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өткен жылы елордада тыныс алу жолдарының туберкулезін жұқтырған 401 науқас анықталды. Бұл туберкулез жұқтырғандардың жалпы санының 88,7%. Оның ішінде бактерия бөлетіні 151 жағдай немесе 37,7%. Науқастардың 78,7%-ы 18-ден 64 жас аралығындағы адамдар. Сонымен қатар туберкулез жұқтырғандардың 53,9%-ы еңбекке қабілетті жаста (18-44 жас). Туберкулез инфекциясы анықталғандардың 54,8% немесе 248 пациент медициналық көмекке өз бетінше жүгінді. Ал 45,2% немесе 204 адамнан аталған дерт медициналық тексеру кезінде анықталды», – деді Жанна Пралиева Астана қаласы коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, алдын ала медициналық тексеру туберкулезді уақтылы анықтауға септігін тигізеді.

«Флюорография туберкулез инфекциясын алғашқы сатыда анықтап, дер кезінде емді бастауға мүмкіндік береді. Қазір елордада флюорографиялық профилактикадан өту үшін ведомстволық ұйымдарға бағынысты 19 стационарлық және 12 жылжымалы флюорографиялық қондырғы бар», - дейді ол.

Жанна Пралиева келтірген мәліметке сәйкес, соңғы 5 жыл ішінде Астана қаласында туберкулезбен сырқаттану 29,3%-ға, ал өлім-жітім 39,3%-ға төмендеген.

Айта кетсек, бүгін туберкулезге қарсы дүниежүзілік күрес күні.


Соңғы жаңалықтар